17:54, 16 Наурыз 2009 | GMT +5
Тегранда ҚР Елшісі Е.Өтембаев саясаттанушылар және БАҚ өкілдерімен кездесті
АСТАНА. Наурыздың 16-ы. ҚазАқпарат – Наурыздың 14-інде Тегранда Қазақстан Республикасының Елшісі Ерік Өтембаев саясаттанушылар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Қазақстан дипломаты Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Дағдарыстан - дамуға» Жолдауының негізгі қағидаларын, сондай-ақ, біздің еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың басым бағыттарын түсіндірді.
Елші Мемлекет басшысының Жолдауында әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеру жөніндегі нақты шаралар туралы айтылғандығын атап өтті. Дағдарысқа қарсы қабылданған жоспарда ұлттық қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау, тұрғын үй құрылысын қолдау, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, агроөнеркәсіп кешенін жетілдіру, инновациялық жобаларды жүзеге асыру бағыттары жан-жақты қамтылған. Жалпы ел экономикасына дағдарысқа қарсы жағдайда 2,7 триллион теңге бөлінді.
Иранның БАҚ өкілдерін әлемдік қаржы дағдарысын еңсеру жөніндегі шараларға қарсы ҚР Президентінің «Дағдарыстан шығу кілті» мақаласы, әлемдік валюта жасау жөніндегі ұсынысы, сондай-ақ 2009-2010 жылдары экономика және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі Қазақстан ұстанып отырған кешенді шаралар қатты қызықтырды. Кездесу барысында Е.Өтембаев «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламамен де таныстырып, Қазақстанның ЕЫҚҰ-ға төрағалық етудегі ұстанатын басты бағыты Батыс елдері пен ислам әлемін жақындатуға жол ашу деп атап өтті.