Тэгу мэрі Алматы мен Қазақстанға алдағы 7-ші Қысқы Азия ойындарын табысты өткізуге тілек етті

АЛМАТЫ. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Данияр Сиқымбаев/ - Алматы қаласының Тэгу қаласындағы (Корея Республикасы) мәдениет күндері шеңберінде қала әкімі Ахметжан Есімов Кемьён Ұлттық университетінде болды.

Тэгу мэрі Алматы мен Қазақстанға алдағы 7-ші Қысқы Азия ойындарын табысты өткізуге тілек етті

Бірнеше жыл қатарынан Қазақстан мен Корея Республикасы арасында денсаулық сақтау саласындағы қалалар байланысы бағдарламасы жүзеге асырылуда. Алматыдағы Корей мәдениет орталығында «Доссон» клиникасы жұмыс жасауда. Жыл сайын бұл жерде Кемьён Ұлттық университетінің дәрігерлері емдеу шараларын өткізеді. Жоғары оқу орнының президенті Шин Ил Хаймен кездесу кезінде Алматы әкімі А.Есімов Алматы қаласы мен «Доссан» медициналық орталығы Кемьён Ұлттық университеті арасындағы түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Мәдени күндер барысында өткізілген гала концертте өнер жұлдыздары: Нұржамал Үсенбаева, Асылбек Еңсепов, Айгүл Қосанова, «Арнау» дуэті, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және басқалары өнер көрсетті. Мұнда отандық дизайнерлер өз киім үлгілерін талғампаз корейліктерге ұсынды. Қолданбалы өнер, көне зергер бұйымдарының да көрмесі көпшілікті қызықтырды.

Тэгу мэрі Ким Бум-Иль Алматы мен Қазақстанға алдағы жетінші қысқы Азия ойындарын таьбысты өткізуге тілектестігін білдірді.

Алматы мен Тэгу қалалары арасындағы бауырластық байланыс жөніндегі келісімге 1991 жылы қол қойылған болатын.

Тэгу - Корея Республикасының халық жиі орналасқан ірі елді мекендерінің бірі. Аталған қала экспортқа тауар шығаратын орталықтардың бірі болып саналады. Тэгуде металл өңдеу мен машина жасау саласы жақсы дамыған. Мұнда экспортқа мата бұйымдары да көптеп шығарылады.

Университетте сөйлеген сөзінде Алматы қаласының әкімі ғылыми жаңашыл жобалардың арқасында Оңтүстік Кореянің қол жеткізген табыстарын атап өтті. «Алматыдағы «Доссон» клиникасы - бұл жемісті қарым-қатынастардың жақсы бастамасы. Қазақстан өз қанатының астына жүзден астам ұлт өкілдерін топтастырған бірегей мемлекет және мұның барлығы біздің Президентіміздің сындарлы саясатының арқасында жүзеге асып отыр. Біз бейбітшілік пен келісімде өмір сүреміз және достас мемлекетке арамыздағы қарым-қатынастарымыздың одан әрі дамуы үшін қолдан келгенді аямаймыз, - деп атап өтті А.Есімов.