Техникалық қауіпсіздік басты назарда - «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы

Астанада биыл табиғи газды тұтыну көлемі 1,5 есе өсті. Жаңадан екі газбен жылыту орталығы салынды және тұрғындар газға үйлерін көптеп қостыра бастады. Сәйкесінше, көгілдір отын құрал-жабдықтарын пайдалануға қатысты тәуекелдер де артады. Бұл туралы «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов айтты.

қауіпсіздік
Фото: Kazinform

«QazaqGaz» ҰК» АҚ пресс-тур ұйымдастырып, БАҚ өкілдеріне газ құрылғыларын қауіпсіз пайдаланудың маңыздылығын түсіндірді. 

Қазір газ құбыры тартылған көшелердегі абоненттердің 80 пайызы газға қосылған. Оның тең жартысы жеке тұрғын үй болса, қалғаны коммерциялық нүктелер. 2021 жылдан бері 10 040 жеке тұрғын үй газға қосылған, бұл 47 мыңдай адам көгілдір отынның қызығын көріп отыр деген сөз.

Мамандар газды жеткізуде техникалық қауіпсіздік шараларын барынша сақтадық деп отыр. Өйткені газ қалаға жоғары қысыммен келеді. Соңғы тұтынушыға жеткізілгенге дейін газдың қысымы барынша төмендетіліп, бірнеше шағын станциядан өтеді. Мұның барлығы газ апатын болдырмау үшін жасалған.

Елдің батысынан Астанаға дейін жеткізілген газ магистралінен қалаға табиғи газды кіргізумен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ айналысып жатыр. Олар газды барлық техникалық талапты сақтай отырып, көше бойымен тартылған құбырлар арқылы жеке үйдің жанына дейін әкеліп береді. Әрі қарай жеке компаниялар газды үйге кіргізумен айналысады. Бар олқылық осы жерде басталатын көрінеді. Өйткені ісіне салғырт қарайтын кейбір жеке компаниялар техникалық талаптарды сақтамайды, салдарынан түрлі қайғылы оқиғалар болады.

QazaqGaz
Фото: Kazinform

Пресс-тур барысында газ мамандары жеке компаниялардың қандай құйтырқылыққа баратынын көрсетті. Өзіміз барған қаладағы бір жеке тұрғын үй жеке компанияны жалдап, үйіне газ қостырыпты. Алайда жеке мердігер үйдің жанынан жапсарлай салынған коммерциялық нысанды да сол бір нүкте арқылы қосқан. Мамандар мұндай жағдайда үй иесі екі рұқсат алу қажеттігін айтады. Яғни, коммерциялық мақсаттағы нысанға жекелей рұқсат алуы керек болған. Бірақ үйіне газ қосып берген жеке компания, ол абонентке ештеңе түсіндірместен бір нүкте арқылы қосып берген. Соның салдарынан бұл үй газдан ажыратылды. Енді жеке компанияға айыппұл салынбақ.

қауіпсіздік
Фото: Kazinform

Қазір Астанада газды үйге кіргізу құны орта есеппен - 720 мың теңге шамасында. Оған газ пешінен бастап, барлық монтаж жұмысы кіреді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров қаладағы газ тарифін мемлекет бекітетінін айтады. Ол әр өңірде әртүрлі. Газ елдің батысында өндірілетіндіктен ол жақта арзан, ал Астанада газ бағасының 1 текше метрі - 38 теңге.

«Осы күнге дейін Астанадағы жеке тұрғын үйлердің 10 040-ы газға қосылды, бұл 47 мыңдай адам. 2026 жылға дейін қала толығымен газға қосылады. Жалпы қалада газға қосылатын 21 мыңдай абонент бар, олардың жартысын қосып үлгердік», - дейді Бауыржан Асқаров.

Мамандар көше бойындағы газ құбырында ақау болса, оны «Пергам» жылжымалы станцияның көмегімен анықтай алатындарын айтады. Бұл - 30-150 метр радиустегі газдың иісін тез анықтай алатын аппарат. Ақау шыққан жерден ауаға газ тарап жатқанын анықтайтын күрделі аппарат көлікке орнатылған және газ қай жерден шығып жатқанын белгі арқылы көрсетіп тұрады.

қауіпсіздік
Фото: Kazinform

«QazaqGaz» ҰК» Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов газ тартылған жерде өндіріс те дами түсетінін айтады.

«Көптеген инвестор қандай да бір жобаны бастамас бұрын «бұл жерде газ бар ма» деп сұрайтын болды. Яғни, олар газ бар жерде өндіріс орындарын ашып, инвестиция салуға әзір. Сол себепті біз Президенттің тікелей тапсырмасымен газ тасымалдау жүйесіне модернизация жасап, 400 млрд теңге өз қаржымызды жұмсадық. Ол дегеніңіз - Бейнеу-Жаңаөзен, Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау, Атырау облысындағы Мақат, Астана мен Алматыдағы ЖЭО-ын газдандыру жобалары. Оған қоса халқымыз үшін газ бағасына 389 млрд теңге субсидия жасадық. Сондай-ақ Қашаған мен Қарашығанақта жаңа газ өңдеу зауыттары салынып жатыр», - деді Санжар Жаркешов. 

«QazaqGaz» ҰК» АҚ-ы биыл еліміз бойынша 600 мыңға жуық адамды газбен қамтыған, оның негізгі бөлігі Түркістан облысында екенін айта кетейік.