Техникалық прогресс әлемді шапшаң өзгеріске ұшыратып жатыр - Д. Назарбаева
Бүгін Астанада өтіп жатқан Еуразия медиа форумы барысында сөз сөйлеген Форумның Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева осылай мәлімдеді.
Жиынды ашып сөз сөйлеген төрайым Д. Назарбаева «өмірде жақсылық пен жамандық қатар жүретінін, ал қазіргі күні оны тіпті бір-бірінен ажырату да мүмкін болмай бара жатқанын» айтып, соған қатысты мысалды да алға тартты.
«Өткен сейсенбіде, Астанада түннің жарымы болғанда «Ассошиэйтед Пресс» агенттігінің твиттер-таспасында Ақ үйдегі екі жойқын жарылыстың болғаны, президент Обаманың жараланғаны туралы шұғыл хабар таратылды. Артынан бес минуттың ішінде агенттік өкілдері бұның жалған екенін, "Ассошиэйтед Пресстің" твиттер-аккаунты құртылып, хакерлік шабуылға тап болғаны туралы ақпарды жолдады. Әйтсе де, осы азғантай уақыттың өзі "Доу Джонс" индексінің қысқа мерзімдік (2 минуттық) және күрт (13 тармақтан аса) құлдырауына әкеп соқтыратын арандатушылыққа ұласты. Қас қағым сәтте-ақ индекс 147 тармаққа құлап, жалпы нарықтың қаржыландырылуы бақандай 200 миллиард долларға төмендеді. Яғни, ақпарат агенттігінің твиттеріне болған хакерлік шабуылдың құны 200 миилард долларға бірақ жетті. Әлгі ақпараттың ізін ала доллардың иенаға қатысты нығаюы баяулап, ал еуро керісінше америкалық валютаға қатысты күшейді», - дейді Д. Назарбаева.
Оның айтуынша, «Ассошиэйтед Пресс» агенттігінің твиттеріне шабуылды «Сирия электрондық армиясы» хакерлік тобы өз мойнына алған.
«Мінеки, жаңа технологиялардың, ақпараттық революция мен қазіргі халықаралық саясаттың проблемалары осылайша қабысып жатыр. Жақсы әрі көрнекті мысал. Техникалық прогресс шын мәнінде әлемді шапшаң өзгеріске ұшыратып жатыр. Алайда, барлық ақпаратты уыста, осы жерде және дәл қазір ұстауға деген азғырушылықтың арты үлкен қауіпке ұласуы да мүмкін, ал еркін және ашық хабар алмасу кей жағдайда кибер-террористердің қолындағы құралға да айналып жатыр», - деді Д. Назарбаева.