13:25, 18 Қазан 2012 | GMT +5
Техникалық регламенттерге сай келмейтін 200 млн. теңгеге жуық қаржының азық-түлік өнімдері өткізілмейтін болды
АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Азық-түлік өнімдерін сататын кәсіпорындардағы тексерістің нәтижесінде 382 жағдай бойынша заңнама талаптарын бұзу фактілері анықталды.
Бұл туралы бүгін Астанада 9 айдағы мемлекеттік қадағалау қорытындысына арналған брифингте ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Рыскелді Сәтбаев айтты.
«Азық-түлік өнімдерін сататын кәсіпорындарда 581 тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша 382 жағдайда заң бұзушылықтар анықталды. Бұл өз кезегінде 65,7 пайызды құрап отыр»,-деді ол.
Комитет басшысының айтуынша, тексеріс қорытындысы аясында жалпы сомасы 195 млн. теңгеден астам қаржыға сертификатсыз, техникалық регламенттерге сай келмейтін 3 411 өнім топтамасын өткізуге тыйым салынған.
«Заңнама талаптарын орындамағандар 19 млн. теңгеден астам қаржыға әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,-деп түйді ол.