Техникалық реттеу және метрология комитеті кәсіпкерлерден ынтымақтастық туралы келісімді негізсіз талап еткен
Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәлет Сүйіндіков БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.
«Бас прокуратураның Техникалық реттеу және метрология комитетіне жүргізген тексеруі барысында аталған ведомствоның аумақтық бөлімшелері тауардың қайдан шыққаны туралы сертификат беру кезінде, Индустрия және сауда министрлігінің заңға қайшы бұйрығына сүйене отырып, кәсіпкерлерден техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органмен ынтымақтастық туралы келісімді негізсіз талап еткенін анықтады», деп атап өткен ресми өкіл, Бас прокуратураның наразылығы бойынша бизнесмендердің құқығына нұқсан келтіретін аталған заңсыз бұйрықтың күші жойылғандығын жеткізді.
Оның айтуынша, комитет кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудың жүздеген фактісіне жол берген. Аталған мекеме мен оның аумақтық бөлімшелеріндегі тексеру қорытындысына орай прокуратура органдары заңдылықты жою туралы 74 ұсыныс енгізіп, 4 наразылық келтірген. Сонымен қатар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке 100-ден астам тұлға тартылып, 6 материал процессуалдық шешім қабылдау үшін қылмыстық қудалау органдарына жолданған.
«Бас прокуратураның ұсынысын қарау нәтижесінде Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі заң бұзушылықтарға жол беретін себептер мен жағдайларды жою мақсатында техникалық реттеу саласында 6 нормативтік-құқықтық акті қабылдады. Оның ішінде мемлекеттік стандарттарды жасау және бекіту, техникалық-экономикалық сұрыптаулар ережесі де бар», деп нақтылай түсті Н.Сүйіндіков.