Техникалық реттеу және метрология саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттары өзгертілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту бойынша берілген тапсырма шеңберінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігімен мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттары қайта қаралып, бекітілді.

Техникалық реттеу және метрология саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттары өзгертілді

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлайды.

Көрсетілетін мемлекеттік қызмет бойынша өлшем құралдарының типін бекіту туралы сертификат алу үшін құжаттар топтамасы қысқартылды (8-ден 3-ке дейін), қызмет көрсету мерзімі 20 жұмыс күнінен 15 жұмыс күніне, метрологиялық аттестаттау туралы сертификат алу үшін құжаттар топтамасы 7-ден 2-ге дейін, қызмет көрсету мерзімі 20 күннен 15 жұмыс күніне қысқартылды, сонымен қатар мемлекеттік басқару органдарының метрологиялық қызметтерінің, жеке және заңды тұлғалардың қызметті жүзеге асыру жөніндегі нормативтік құжаттарды келісу мемлекеттік көрсетілетін қызмет мерзімі 20 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Осы өзгерістер 2015 жылдың 5 қазанында күшіне енеді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен үш мемлекеттік көрсетілетін қызметті (өлшем құралдарының типін бекіту туралы сертификат беру, метрологиялық аттетаттау туралы сертификат беру, сарапшы-аудиторларды аттестаттау) 2016 жылдан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетуді көздейтін толықтырулар қабылданды.

Бүгінгі күні екі мемлекеттік көрсетілетін қызмет (сарапшы-аудиторларды аттестаттау, мемлекеттік рәміздерді дайындауға арналған лицензия беру) электрондық портал арқылы көрсетіледі, бұл мемлекеттік қызметті алушының жеке кабинеті арқылы жүгініп, мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, мемлекеттік көрсетілетін қызметті пайдаланушылар үшін www.memst.kz сайтында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тізбесі, рұқсат беру құжаттарының паспорттары орналастырылған.