Техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасын заңнамалық қамтуға арналған парламенттік тыңдау өтіп жатыр
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім берудің 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету туралы» парламенттік тыңдау өтуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Техникалық және кәсіптік білім беру саласында қалыптасқан қиындықтардың экономикалық дағдарыстан, білім беру саласында орын алған кемшіліктер мен аталған жүйенің бірнеше рет реформалауға түскенінен туындап отырғаны анық. Мұның бәрі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары санының азайып кетуіне, ондағы кадрлардың білім сапасының төмендеуіне алып келді. Әсіресе, ғылымның жетістіктерін қажет ететін өндірістерде жоғары білікті жұмысшылардың, орта техникалық білімі бар мамандардың жетіспеушілігі жылдан жылға айқын байқалуда. Бұндай бағытта мамандар даярлау сапасы сын көтермейді. Еңбек нарығында даярланған кадрлардың сұраныс таппауы қоғамда қатты алаңдаушылық тудырып отыр. Отандық экономикаға шетелдерден мамандар тартудың деңгейі әлі де болса жоғары. Ең маңыздысы, техникалық және кәсіптік білім берудің заңнамалық базасы жетілдіруді қажет етеді», - деді жиынды ұйымдастырушы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нүкетаева. Оның айтуынша, бүгінгі қалыптасқан объективті жағдайларға байланысты бірқатар түбегейлі мәселелер жедел шешуді талап етеді.
Жиынға Мәжіліс депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, министрлер, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің өкілдері қатысуда. Басқосу қорытындысына орай, бірқатар ұсынымдар қабылданады деп күтілуде.