Технология тілін меңгеруде: Өскемен іргесіндегі ауылда оқушылар кітапханадан шықпайды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен іргесінде орын тепкен Шығыс ауылындағы балалардың күн сайын баратын жері – кітапхана. Неге десеңіз, оларды робототехника, 3D модельдеу сынды заманауи үйірмелер қызықтырады. IT орталыққа айналған руханият ошағы да күн сайын түрленіп, жаңа жабдықтармен толығуда. Жуықта ҚазАқпарат тілшісі сол кітапханаға барып, ондағы тыныс-тіршілікті көріп қайтқан еді.
None

Жақындарына сыйлық жасайды

Шығыс ауылында Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №12 филиалы орналасқан. Бұл елді мекенде тұратын халықтың дені – қандастар.

Шынын айту керек, Өскеменнің шетіндегі осы ауылда уақытты тиімді әрі қызықты өткізетін орын жоқ. Сондықтан балалар кітапханаға жиі келеді.

Тек іш пысқаннан емес, мұндағы сан түрлі үйірмелерден қалыс қалмау үшін.

- Кітапхана тек кітап оқитын жер емес. Бізге келетін әр баланы кітап оқуға баулудан бөлек, жан-жақты дамуына жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Мәселен, «Шебер қолдар» үйірмесінде жұмсақ қағаз бен әр түрлі заттардан бұйымдар жасауды үйретеміз. Өздерінің қиялдарына да ерік бергіземіз, - дейді Оралхан Бөкей атындағы №12 кітапхана-бөлімшесінің кітапханашысы Айдариға Әшірап.


Оқушылар осында ата-анасына, жақындарына сыйлықтар жасайды. Үйірмеге барлығы 20-ға жуық бала келеді.

- «Тоғызқұмалақ» үйірмесіне қатысатындар да аз емес. Тұрақты түрде 15 бала келгенімен, кітапханаға бас сұғып жүргендер түгел дерлік тоғызқұмалақ ойнап үйреніп алған. Ара-тұра олардың арасында байқау да ұйымдастырамыз. Ал «Жас қаламгер» үйірмесінде келушілерді сауаттылыққа, оқуға және жазуға деген құштарлыққа баулимыз, мектептегі тапсырмаларды шығармашылықпен орындауға көмектесеміз. Яғни, шығарманы шебер жазуына, мазмұн айтуда өз ойын ашық әрі еркін жеткізе білуіне септігімізді тигіземіз. Байқасаңыз, қазіргі балаларға оқығанын есте сақтап, айтып берудің өзі қиындық тудырады. Қолға қалам алып, ойындағын қағазға түсіру – тіпті машақат. Аптасына 2 рет жүргізілетін бұл үйірменің мақсаты – осындай балаларға барынша көмек көрсету, – дейді Айдариға Әшірап.

Рас, осы заман балаларының сөздік қоры тым жұтаң. Бәлкім бұған ұялы телефонның әсері бар шығар.

Әрине, сәт сайын дамып келе жатқан технологияны шетке ысырып тастай алмаймыз. Бірақ оны тек жақсы қырынан пайдалана білгеніміз жөн.

Технология демекші, жуықта кітапханаға жаңа заманауи жабдықтар әкелінген.

- Балалар жаңа заман технологияларын меңгеруі үшін «Жас IT маманы» жобасы аясында кітапхана жаңа технологиямен жабдықталды. Соның арқасында қазір балалар робототехника, яғни ЛЕГО құрастырғыштарымен, 3D үлгілеу және үлгіні 3D принтермен басып шығару, «PAPER CRAFT» әртүрлі бейнелерді қағазбен жасау сияқты жұмыстарды үйренуде. Балалардың қызығушылықтары өте жоғары. Өз қиялдарындағы түрлі роботтарды жасап, оларды жүргізуге арналған бағдарламаны меңгеріп алды. Сонымен қатар жаңа заманауи үлгідегі сандық сенсорлық панельмен өз шығармашылықтарын арттырып, түрлі суреттер салып, танымдық бейнежазбаларды тамашалауда. Қызығатын балалар санының көбеюіне байланысты үйірмелердің санын арттырып жатырмыз. Болашақта да балалардың бұдан да жоғары деңгейде меңгеретіндігіне бек сенімдеміз, - дейді кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі Айнар Жарқын.

Цифрлық әлемге бойлайды

Таяуда руханият ошағында «IT ARU» мектебі өз жұмысын бастады. Онда 12-17 жас аралығындағы қыздарға сәндік, оның ішінде ұлттық киімдерді виртуалды түрде үлгілеуді үйретеді.

Сөйтіп жасөспірім қыздар мен бойжеткендер цифрлық әлемге бойлайды.

- Оқушыларға үйірме ұнап жатыр деген ойдамын. Себебі қыздар тағы да келгілері келетіндігін айтты. Бүгінгі сабақта арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы цифрлық жеңіл қысқа жейде мен футболка жасадық. Оған 40 минуттай уақыт кетті. Өзімнің бұл бағдарламамен жұмыс істеуді үйренгеніме 1 жылдай уақыт болды. Өскемендегі кітапханада дәл осы балалар секілді «IT ARU» мектебіне қатысқан едім, - дейді үйірме жетекшісі, виртуалды дизайнер Анель Русланова.


Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Айгүл Ахметжанованың айтуынша, №12 филиалға заманауи жабдықтарды алуға «Казцинк» компаниясы демеушілік көрсеткен.

- Осылайша, қандастарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына уақытты пайдалы өткізуге мүмкіндік жасалуда. Балалар мектептен шыға сала кітапханаға жүгіреді. Тіпті ішке сыймай қалып та жатады. Әрине, бұны көріп қуанамыз. Мұнда қолға алынып жатқан үйірмелер мен жеткізілген жаңа техникалардың барлығы ел болашағын ту еткен сол балалар үшін, - дейді ол.

Қандастардың арасында орыс тілін білетіндер некен саяқ екендігі мәлім. Сол үшін осында тіл үйрететін үйірме ашылған. Онда тек балалар емес, ересектер де келе алады.

- Бұдан бөлек, компьютерді бұзып-шашып, қайта құрастыруды үйрететін үйірмеміз бар. Байқаған шығарсыздар, үйірмелердің көбі технологияларға қатысты. Себебі балалар техника тілін меңгеріп, сол бағытты таңдап, келешекте жұмысқа да орналасып жатса нұр үстіне нұр. Технология заманында елімізде осындай мамандар ауадай қажет, - дейді Айгүл Ахметжанова.

Ашылғалы бері қатысып жүр

Осы орайда кітапханаға келіп жүрген балалармен де сөйлесіп көрдік.

Аптасына екі рет болатын «Робототехника» үйірмесінен бір рет те қалмаған, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген екі бала бар. Олар - 5-сыныпта оқитын Ердәулет Бақытжан мен Қаратай Жәнібек.

- «Робототехника» ашылғалы бері қатысып жүрміз. Қатты ұнайды. Роботтар жасаймыз, компьютерлік бағдарлама арқылы оны басқарамыз. Бір роботқа 2-3 сағат уақыт кетеді. Егер жеңіл робот болса, жарты сағатта жасай аламыз. Келешекте адам робот пен тіркемелі трактор жасағымыз келеді. Өскенде IT маманы боламыз, - дейді жас өрендер.



9 жастағы Мадина Көкенге «PAPER CRAFT» үйірмесі ұнайды. Қатысып жүргеніне 2 ай болыпты.

- Осында саусағымызды қимылдатып түрлі заттар жасап, логикамызды арттырамыз. Өзім қағаздан жүрек пішініндегі қобдиша мен маска жасадым. Алдағы уақыта мультфильмдердегі кейіпкерлерді, атап айтқанда Машаны жасағым келеді. «Жас қаламгер» үйірмесіне де қатысамын. Себебі маған шығарма жазған ұнайды. Сыныптастарыма, құрбыларыма кітапханадағы үйірмелер туралы үнемі айтып жүремін. Келешекте дәрігер болғым келеді, - дейді ол.

P.S: Осылайша, Шығыс ауылындағы кітапханаға баратын балалар өздеріне керек болатын дағдыларды үйреніп, технологияны меңгеріп жүр. Олардың арасынан болашақта биік шыңдарды бағындырып, ел абыройын асқақтататын арда азаматтардың шығатындығына сеніміміз кәміл.


Соңғы жаңалықтар
Референдум