Технологиялық одақ: Президент Тоқаевтың Мәскеуге сапары Қазақстан мен Ресейге не береді
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге жұмыс сапары Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік пен одақтастық қатынастардың технологиялық мазмұнмен толыға түскенін көрсетті.
Сапардың басты оқиғалары Ресей Президенті Владимир Путинмен өткен келіссөздер және Мемлекет басшысының AI Journey 2026 халықаралық конференциясында сөйлеген сөзі болды. Бұл алаңда Қазақстан қандай жетістіктерін таныстырды? Жасанды интеллект саласындағы жетекші әзірлеушілер қандай мәселелерді көтерді? Материалымызда осы мәселелердің түйінін тарқатқан едік.
Жоғары деңгейдегі диалог
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруымен халықаралық жасанды интеллект конференциясының құрметті қонағы ретінде Ресей астанасына барды. Форум қарсаңында екі ел басшысы Кремльде кездесті. Келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобалар, сондай-ақ, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Президент Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа AI Journey 2026 конференциясына қатысқаны үшін алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Бүгінде жасанды интеллект мемлекеттер арасындағы жаһандық бәсекенің негізгі факторларының біріне айналды. Қазақстан бағытты дамытуды жасанды интеллект әлемдік күн тәртібіндегі басты тақырыптардың біріне айналмай тұрып-ақ бастады. Қазір елімізде цифрлық мемлекеттік қызметтер жұмыс істейді телекоммуникациялық инфрақұрылым белсенді дамып, технологиялық кәсіпкерлік экожүйесі қалыптасып келеді.
AI Journey 2026 конференциясы қарсаңында Ресей Президенті Владимир Путинмен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы, пандемия өршіп тұрған кезеңде өткен алғашқы форумды еске алды. Ол кезде жасанды интеллект болашақтың технологиясы ретінде қабылданатын. Ал бүгінде ол әлемдік экономиканың даму бағытын айқындап, еңбек нарығын өзгертіп, тұтас мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етіп отыр. Осындай жағдайда екі ел де болашақ экономикасын қалыптастыратын мемлекеттер қатарынан лайықты орын алуға ұмтылуда.
Цифрландыру экономикалық капиталға айналған дәуір
Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды: «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданып, Digital Qazaqstan стратегиясы бекітілді. Биыл 1 шілдеде заңды күшіне енген жаңа Конституцияда ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде айқындалып, білім мен прогресс мемлекеттің негізгі құндылықтары қатарына енгізілді.
Ұлттық IT саласының кемелденуін әлемдік деңгейдегі отандық технологиялық компаниялардың пайда болуынан аңғарамыз. Қазақстанда алғашқы «бірмүйізді» компания – Higgsfield қалыптасты. Айта кетейік, «бірмүйізді» компания дегеніміз – нарықтық құны 1 миллиард АҚШ долларынан асатын, қор биржасында акциялары әлі ашық сатылымға шықпаған жеке технологиялық стартап-компания. Сонымен қатар, өзге де ауқымды жобалар дамып келеді. Отандық IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асты, ал Astana Hub стартаптар мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға арналған ірі алаңға айналды. Іс жүзінде технологиялар жұмыспен қамтуға, жаңа табыс көздері мен экономикалық өсімге жол ашатын жаңа цифрлық экономиканың негізі қаланып жатыр.
– Біз инфрақұрылым мен білікті кадрлардың болуы өздігінен технологиялық серпіліске кепілдік бермейтінін жақсы түсінеміз. Өз әзірлемелеріміз болуы және ең бастысы, оларды нақты экономикаға енгізе білуіміз қажет. Сондықтан жақында Астанада өткен Digital Bridge форумында кәсіпорындар мен әзірлеушілерді нақты өндірістік міндеттерді шешу үшін біріктіруге бағытталған AI Challenge бастамасын көтердім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Демек, еліміздің алдында жаңа міндет тұр. Ол – қысқа мерзімде толыққанды цифрлық мемлекетке айналу. Бұл бағыттағы нәтижелер ішкі өзгерістерден ғана емес, халықаралық сарапшылардың бағалауынан да көрініс тауып отыр. БҰҰ-ның электрондық үкімет пен адами капиталды дамыту жөніндегі рейтингінде Қазақстан әлем бойынша 24-орыннан 16-орынға көтерілді.
Дегенмен, маңыздысы – рейтингтегі орын ғана емес. Бүгінде цифрлық сервистер миллиондаған азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн форматта қолжетімді.
Бұл жетістіктер AI Journey 2026 алаңында да таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің жасанды интеллект саласындағы соңғы жетістіктері көрсетілген көрме стендтерін аралады. Қазақстанның демо-аймағында еліміздің цифрлық экономикасын дамытудың негізгі бағыттары ұсынылды. Олардың қатарында «Технологиялық ұлт», Startup City, GovTech, Aitu, көлік саласына арналған жасанды интеллект шешімдері және FinTech жобалары бар.
Жасанды интеллект экономикаға қызмет етуі тиіс
Ұсынылған жобалардың әрқайсысы – цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Дәл осы кешенді тәсіл Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы жетекші орынға шығуына мүмкіндік беріп отыр.
Әңгіме тек жаңа технологияларды енгізу туралы емес, олар экономиканы дамытудың негізгі факторларының біріне айналып, жаңа экономикалық модель қалыптасуы қажет. Технологиялар экономикаға қызмет етіп, жаңа нарықтар мен жұмыс орындарын ашуға, адамдардың әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беруі тиіс.
Құрылтай депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, мұндай өзгерістерге негіз болатын алғышарттар көп жыл бойы бірізді әрі жүйелі түрде қалыптастырылды. Өйткені Қазақстанда цифрлық трансформация әлдеқашан мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналған.
– Көп жыл бойы бірыңғай мемлекеттік дерекқорлар құрылып, қызметтер мен бизнес-процестер цифрлық форматқа көшірілді, телекоммуникациялық инфрақұрылым дамытылып, цифрлық сервистерді пайдалану мәдениеті қалыптасты. Соның арқасында жасанды интеллектіге деген жаһандық қызығушылық артқан кезеңге еліміз елеулі технологиялық әлеуетпен қадам басты, – дейді ол.
Оның пікірінше, Қазақстанның тағы бір артықшылығы – технологияны тез қабылдайтын жас әрі белсенді халқы.
– Қабылданған заңнамалық шешімдер нарықты реттеумен қатар, жаңа технологияларды әзірлеу мен енгізуге түсінікті әрі айқын ережелер қалыптастыруға мүмкіндік береді. Саяси ерік-жігердің, дамыған цифрлық инфрақұрылымның, адами капитал мен институционалдық қолдаудың үйлесуі Қазақстанға жекелеген үдерістерді цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект экономикасын қалыптастыру кезеңіне өтуге жол ашты, – дейді Екатерина Смышляева.
Бірнеше жыл бұрын Қазақстан Орталық Азиядағы цифрландыру көшбасшыларының бірі саналса, бүгінде жасанды интеллект технологияларын дамытуда да өңірлік көшбасшылыққа ұмтылып отыр. Қазақстандық IT-компаниялар ішкі нарықпен шектелмей, шетелде де белсенді жұмыс істеуде.
– Сарапшылар Қазақстан брендін инновациялармен жиі байланыстырады. Бұл инвестиция тартуға, жаңа серіктестіктер орнатуға және отандық компаниялардың әлемдік нарыққа шығуына қосымша мүмкіндіктер ашады. Мемлекеттің цифрлық технологияларға салған инвестициялары «ақылды» қалалар, деректерді талдау, автоматтандыру және жасанды интеллект салаларындағы жобалардың пайда болуына негіз болды. Бүгінде осы жылдар бойы жинақталған әлеует Қазақстанға өңірдегі технологиялық дамудың негізгі орталықтарының бірі болуға мүмкіндік береді, – деп есептейді TrustExam.ai компаниясының бас директоры әрі тең құрылтайшысы Ерсұлтан Ерманов.
Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексі (EGDI) бойынша ең жоғары санатқа енген Орталық Азиядағы жалғыз ел атанды. Бұл еліміздің өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын нығайтып, тұтас Орталық Азиядағы цифрландыру үдерісінің ілгерілеуіне ықпал етеді.
– Бұл жетістіктер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан цифрлық трансформацияның стратегиялық бағытына сәйкес келеді. Мемлекеттік қызметтерді дамытумен қатар инфрақұрылымды жетілдіру және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру қатар жүріп жатқан кешенді өзгерістердің маңызы зор, – дейді БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті (UN DESA) Цифрлық үкімет бөлімінің басшысы Винченцо Акваро.
Оның пікірінше, Қазақстанның 2023-2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация стратегиясы мен 2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту стратегиясы осы институционалдық негізді одан әрі нығайта түседі. Бұл құжаттар инновация, инфрақұрылым, жүйелердің өзара үйлесімділігі, киберқауіпсіздік және кадр даярлау мәселелерін бір арнаға тоғыстырады.
– Келесі кезеңде мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдан бүкіл қоғамды тартуға көшу маңызды. Бизнес өкілдері, университеттер, азаматтық қоғам институттары мен азаматтардың өздері цифрлық қызметтердің жаңа буынын қалыптастыруға қатысуы қажет. Әсіресе цифрлық инклюзияға басымдық берген жөн. Заманауи сервистер халықтың барлық тобына, соның ішінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен ауылдық, шалғай елді мекендердің тұрғындарына қолжетімді болуы керек, – дейді сарапшы.
Іс жүзінде бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған «халықтық цифрлық экономиканы» қалыптастыру міндетін жүзеге асыруға бағытталған. Мұндай экономикада заманауи технологиялар кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыспен қамтуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашуы тиіс.
Егер бұрын цифрландырудың басты нәтижесі электрондық сервистер мен мемлекеттік қызметтерді алудың қолайлылығы саналса, бүгінде азаматтардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге баса назар аударылады.
Технологиялық көшбасшылық формуласы
Халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру үшін деректер, платформалар мен жаңа сервистердің болуы жеткіліксіз. Ең алдымен, инфрақұрылым қажет. Оның ішінде тек цифрлық емес, энергетикалық инфрақұрылымның да маңызы зор. Экономика жасанды интеллект пен деректерді өңдеуге неғұрлым тәуелді болған сайын, есептеу қуаттары мен электр энергиясына деген сұраныс та арта түседі. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздік мәселелері технологиялық күн тәртібінің ажырамас бөлігіне айналып келеді.
Халықаралық энергетика агенттігінің болжамынша, 2030 жылға қарай әлемдегі деректерді өңдеу орталықтарының электр энергиясын тұтынуы 950 млрд киловатт-сағатқа жетуі мүмкін. Бұл – 2024 жылғы көрсеткіштен екі еседен астам көп.
AI Journey 2026 конференциясында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге ерекше назар аударды.
– Энергетикалық ресурстардың қолжетімділігі, электр желілерінің сенімділігі және оларды тиімді пайдалану технологиялық бәсекеге қабілеттіліктің басты факторына айналып отыр. Сондықтан Қазақстанда бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық маңызы бар шешім қабылданды. Алғашқы «Балқаш» станциясын Ресеймен серіктестікте, «Росатом» корпорациясының жетекші рөлімен салып жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Іс жүзінде бұл – алдағы жылдары әлемдік экономиканы айқындайтын сын-қатерлерге дайындық. Бүгінде мемлекеттер технология үшін бәсекелессе, ертең сол технологиялардың жұмыс істеуіне қажетті ресурстар үшін де бәсекеге түседі. Сондықтан энергетикалық инфрақұрылымды дамыту цифрлық даму стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде қарастырыла бастады.
Деректер, логистика және нарықтардың өзара байланысы да айрықша маңызға ие. Экономикалық үдерістер цифрлық ортаға неғұрлым белсенді көшкен сайын тауарлармен қатар ақпараттың да жылдам әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ете алатын елдер бәсекелік артықшылыққа ие болады.
Еуразияның негізгі көлік бағыттарының тоғысында орналасқан Қазақстан үшін бұл міндет аса өзекті. Ендігі жерде мәселе тек тасымал жүйесін жаңғыртуда емес, физикалық көлік дәліздерін бірыңғай ақпараттық жүйелермен, электрондық құжат айналымымен және жасанды интеллект технологияларымен толықтыратын цифрлық транзит инфрақұрылымын қалыптастыруда болып отыр.
Қазақстан мен Ресейдің көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығы да осы бағытта дамып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумында тасымал мен көлік инфрақұрылымын басқаруды жетілдіруге бағытталған қазақстандық Smart Cargo және AI Jol цифрлық жобалары таныстырылғанын еске салды. Ал қазан айында Қазақстан мен Ресей арасында электрондық көлік жүкқұжатын пайдалана отырып, автомобильмен жүк тасымалдаудың пилоттық рейсі жүзеге асырылды.
– Ендігі міндет – ұлттық ақпараттық жүйелердің өзара үйлесімділігін қамтамасыз етіп, осындай инновациялық шешімдерді тәжірибеде кеңінен қолдану. Бұл оңай шаруа емес, дегенмен екі тарап та мүдделі болса, оны жүзеге асыруға болады. Болашақта Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруға мүмкіндік бар. Табиғаттың өзі берген талассыз артықшылықтарымызды ескерсек, көлік-логистика саласында бүкіл әлемге үлгі көрсете аламыз, – деп есептейді Мемлекет басшысы.
AI Journey Junior
Инфрақұрылым, заңнама мен технологиялар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Алайда сол мүмкіндіктерді іске асыратын – адамдар. Сондықтан AI Journey 2026 конференциясында Қазақстан мен Ресей басшылары жастар мәселесіне ерекше назар аударды. Форумның маңызды алаңдарының бірі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің мектеп оқушыларымен, студенттермен және жас мамандармен кездесуі болды.
Мұндай басымдықтың өзіндік себебі бар. Жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде адами капитал мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты факторға айналып отыр. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев келешегі зор бастамалардың бірі ретінде AI Journey Junior білім беру бағытын дамытуды ұсынды. Президенттің пікірінше, бұл жоба аясында оқушылар мен педагогтерге арналған, жасанды интеллект пен заманауи технологияларды жауапкершілікпен пайдалануға үйрететін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға болады.
Мемлекет басшысы дайын жауапты санаулы секундта алуға болатын заманда жастарды өз бетінше ойлауға, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауға және салмақты шешім қабылдауға үйретудің маңызы зор екенін атап өтті. Болашақта қоғамның жаңа технологияларды пайдаланып қана қоймай, оларды өз бетінше әзірлей алу қабілетін де дәл осы қасиеттер айқындайды.
AI Journey 2026 конференциясы соңғы жылдары Қазақстанның цифрлық мемлекет қалыптастырудың негізгі алғышарттарын жасағанын көрсетті. Олардың қатарында инфрақұрылым, деректер қоры, цифрлық сервистер, заңнамалық негіз және технологиялық кәсіпкерлік экожүйесі бар. Бүгінде осы іргетас дамудың келесі кезеңіне – жасанды интеллект экономикасын қалыптастыруға негіз болып отыр.
Мемлекет басшысының Ресей Федерациясына сапары Астана мен Мәскеудің басым бағыттар жөнінде ортақ ұстанымы бар екенін көрсетті. Олар – цифрлық трансформация, киберқауіпсіздік, кадр даярлау және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту. 2026 жылғы 27-29 мамырда Владимир Путиннің Астанаға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар практикалық жұмыстың негізі болып қала береді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары осы келісімдерді іске асыру жолындағы кезекті қадам болды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Ресей президенттері жасанды интеллектіні енгізуге арналған көрмені тамашалағанын жазғанбыз.