Тек биыл ғана 700 хаттамалық кездесу өткізіп, 17 рет шетелге сапар жасадым - Н. Назарбаев
АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Тек осы жылы ғана, тұтастай алғанда, мен 700 хаттамалық кездесу өткізіп, 17 рет шетелге сапар жасадым.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық БАҚ өкілдерімен болған кездесуде журналистің Президенттің жұмыс күні туралы қойған сұрағына жауап беру кезінде айтты.
Оның айтуынша, өзге шет мемлекеттер басшыларының Қазақстанға сапарлары бұдан екі есе көп болған. «Бұдан бөлек, көптеген күн сайынғы кеңестер мен кездесулер ұйымдастырылды - мемлекетті басқару қажет қой. Демек, менің денсаулығымды ойлауға да мұршам бола бермейді. Және маған ол туралы ойламайтындай етіп өмір сүру керек», - деді Мемлекет басшысы.
Оның атап өтуінше, егер өз жұмысыңды жақсы көрсең, егер өз еңбегіңнің нәтижесін көрсең - осының өзі рухтандырады. «Бұл ер адам үшін шабыттандырушы күш болып табылады. Ол әркез «жер жырта» жұмыс істеуі тиіс. Мен әрқашан жастарға спортпен шұғылдану қажеттігі туралы айтамын. Өйткені, кез келген бизнесмен - өзінше бір бөлек адам. Онның бірі ғана сондай болуға қабілетті. Бұл адамдардың ерекше бір түрі. Ол өз елінде және бүкіл әлем бойынша жүріп-тұрады, ол әріптестеріне оң әсер етуі үшін келіссөз жүргізе білуі тиіс, ақылды және жігерлі болуы керек, мұндай жұмыс кезінде шаршап-шалдықпау үшін денсаулығы мықты болуы шарт. Сондықтан, әркім денсаулығын ойлағаны дұрыс», - деді Елбасы.
«Мен кейде күлемін, маған еріп жүретін адамдар - күзет қызметіндегілер, журналистер, олардың бәрі де жас, бірақ олар кешке қарай сүрініп жығылады, ал мен ештеңені де сезбеймін, өйткені, жұмыс еліктіріп әкететіндіктен, денсаулығың туралы ойлауға мұршаң да келмейді. Меніңше, Плутархтын айтқаны болды ғой деймін: «Жалқауланып жатып өзінің денсаулығын дұрыстамақшы болатындар, үнін шығармай-ақ дауыстарын күшейтуді ойлайтындар секілді ақымақтық қадамдарға барады». Сондықтан, сандалбайлыққа салынбай, белсенді өмір сүру керек. Өмір бұлқынысы ілгері жетелеп, жұмыс еліктіруі және ауыруға уақыт қалмауы тиіс», - деп атап өтті ол.