«Тек гүл отырғызасың»: Ұлдана Мырзуан ісіндегі айыпталушы үйдің жай-күйі туралы
АСТАНА. KAZINFORM — Жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында айыпталушы Сәуле Жұбаниязова Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы болып жұмыс істеген алғашқы айлары және үйді қандай жағдайда қабылдап алғанын айтып берді.
— Мүлік иелері бірлестігі құрылғаннан кейін барлық ұйымдастыру мәселесімен айналыстым. Оның ішінде кіреберісті, үйді, ауланы тазалау, жылу торабын күтіп ұстау, көрсеткіштерді беру жұмыстары болды. Кейін үйді қысыммен тексеру жұмыстары басталды, — деді сотталушы.
Оның айтуынша, ОСИ жұмысы жолға қойылғаннан кейін ай сайын шамамен 500 мың теңге қаражат түсіп отырған. Қаражаттың едәуір бөлігі тазалықшының, аула сыпырушының және сантехниктің жалақысына, сондай-ақ салық, дератизация, банк қызметтері және басқа да шығындарға жұмсалған.
С. Жұбаниязова үйді бұған дейін басқарған Гүлжауһар Ахметовадан құжаттарды қабылдап алғаны туралы да айтып берді. Оның сөзінше, істі тапсыру кезінде Г. Ахметова үйдің жағдайы жақсы екенін айтқан.
— Ахметова маған құжаттарды тапсырғанда үйдің жағдайы өте жақсы екенін, бәрін өзі жасап қойғанын айтты. Дәлме-дәл айтқан сөзін келтірсем, «Тек гүл отырғызасың» деген еді, — деді С. Жұбаниязова.
Сотталушы құжаттарды қабылдап алған кезде үйге қатысты техникалық сараптама қорытындысы берілмегенін жеткізді.
— Қазір маған «сен техникалық сараптаманы көрдің, осы қайғылы жағдайдың алдын алуға болатын еді» деп айтып жатыр. Бірақ мен бұл сараптаманы алған жоқпын. Оны көрген де емеспін. Құжатпен осыдан екі апта бұрын ғана Тұрғын үй басқармасында таныстым. Қылмыстық іс аясында бұл сараптама жариялан кезде, барлығы хабардар болуы үшін оны тұрғындарға да жеткіздім, — деді ол.
С. Жұбаниязова қызметіне кіріскен кезде тұрғындар қасбетке қатысты қандай да бір шағым айтпағанын атап өтті.
— Мен қызметке кіріскен кезде тұрғындар ештеңеге шағымданған жоқ. Бізде ешқандай жарықшақ, қирау болған жоқ. Сондықтан қасбеттің сол бөлігі қандай да бір өлім қаупін төндіреді деп тіпті ойлай алмадым, — деді сотталушы.
Бұған дейін құрылыс саласының маманы Вероника Лобаева тұрғын үйдің қасбеті не себепті құлағанын айтқан еді.