Тек қажырлы еңбек қана табысқа жеткізеді - Нұрғазы Сәтбаев
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «100 жаңа есім» жобасы бойынша тізімге Батыс Қазақстан облысынан ұсынылғандардың бірі - белгілі кәсіпкер, «Uniserv» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Сәтбаев. Осыған орай «ҚазАқпарат» тілшісі Н.Сәтбаевпен тілдескен еді.
- Нұрғазы Сәтбайұлы, өз өміріңіздегі басты ұстанымыңыз не, кімді үлгі тұтасыз, алдымен осыған жауап берсеңіз?
- Ең бастысы, өзің армандаған мамандыққа қол жеткізіп, өзіңе ұнаған істермен айналысу керек. Егер табысқа қол жеткіземін десең, қажыр-қайратыңды, күш-жігеріңді аямай жұмсай білу қажет. Тек еңбек қана биікке шығарады. Сосын ата-анаңды, жасы үлкендерді сыйла. Одан кеміп кетпейсің, қайта қадірің артады. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғанындай, туған жеріңді, өскен ортаңды ұмытпай, бай тарихыңды қастерлеп, ұлттық құндылықтарды, құнарлы тіл, өшпес өнер, озық салт-дәстүрді сақтай білсең ғана, мақсат-мұратыңа жетесің. Айналаңдағы адамдарға немқұрайлы қарамай, мұқтаж жандарға қолұшын соза білген жөн. Міне, менің басты ұстанымдарым осы.

Өзім өмірде әкем Сәтбай Әбдіқұловты үлгі тұттым. Ол Ұлы Отан соғысында ел қорғаймын деп, етігімен су кешкен, оттың ортасына түскендердің бірі еді. Ұзақ жыл шаруашылық басшысы болып еңбек етті. Кеңшарда түрлі ұлт өкілдері бірлесе еңбек етіп, тату-тәтті өмір сүрді. Біздің үйіміз де кісіден арылмайтын. Әкеміз нәсілі мен ұстанған дініне қарамастан, барлық адамды қадірлей білуді үйретті. Басшы болғанмен, қарапайым еді. «Әсіресе, еңбек адамына қамқоршы болсаң, ол еселеніп қайтады», дейтін. Бізге де осындай қасиет дарыса, ол әкенің қанымен, ананың сүтімен берілді деп ойлаймын.
- Жасыңыздан кім болуды армандадыңыз, еңбек жолыңыздағы басты кезеңдерге тоқталсаңыз?
- Кішкентайымнан техниканы жақсы көрдім. Машинаның тілін біліп, бұзылса, «ішек-қарнын» ақтарып, тетігін тауып, оңдауға тырыстым. Сүйікті ісім де техникамен байланысты болса екен деп армандадым. Ол орындалды деп ойлаймын. Өз басым кәсіпкерлікке адам сауда-саттық арқылы емес, еңбек арқылы жеткені дұрыс деп есептеймін. Өз жолыңды ұзақ жүріп тапсаң да, одан артығы жоқ. Бұдан 15 жыл бұрын «Uniserv» компаниясын құрғанда, қырық төрт жаста едім. Өзім техникаға жақын болғаннан кейін бастапқыда кәсіпорын қызметі автокөлік қызметіне байланысты болды. Содан кейін жер қазу жұмыстарымен айналыстық, мұның да техникамен атқарылатыны белгілі. Жол құрылысын игеруден де тайсалған жоқпын. Қазіргі таңда автокөлік қызметін көрсету басты бағыттардың бірі болып табылады. Түрлі арнайы техниканы қосқанда, қазір компанияда 700-ден астам көлік бар. Оралда осындай кәсіпорын құру өмірдегі ең маңызды шешімім болды деп ойлаймын. Егер онда жұмыс жасайтындардың әрқайсысы өз ұжымымен мақтана білсе, мақсатыңның орындалғаны. Мемлекет басшысы елімізде жол құрылысы саласында да үлкен міндеттер қойып отыр. Соған сәйкес тақтайдай тегіс, жоғары сапалы жолдар салып, кең байтақ Қазақстанымыздың батысы мен шығысын, солтүстігі мен оңтүстігін жалғастыра білсек, одан асқан арман бар ма!

- Нұрғазы Сәтбайұлы, жұмыста қандайсыз, отбасында ше?
- Қызметте ең алдымен өз ісін жетік білетін мамандарға арқа сүйеймін. Соның ішінде жастарды да жұмысқа тартып, тәрбиелей білу керек. Әйтпесе біздің болашағымыз болмайды. Әркім өз кәсіпорнында, жұмыс орнында ісін жүргізе біліп, табысқа жетсе, елдің келешегі де жарқын болмақ. Түсінгенге жол құрылысы да біртұтас кешен. Бір жері кем болса, алға басу қиын. Тіпті қыз-қыз қайнаған өндіріс дер едім. Мысалы, өзіңде асфальтбетон зауыты болмаса, «кісідегінің кілті аспанда», деген, шеттен алумен алысқа бара алмайсың. Өзіңе сенген қызметкерлердің жұмысын дұрыс ұйымдастыра білмесең, табыс биігіне шығу қиын. Екіншіден, әр адамның еңбегін бағалай білген озады. Үшіншіден, ұжым айрандай ұйыған ұйымшыл болмаса, қияға көтеріле алмайсың. Ал отбасында қарапайым адаммын, алты баланың әкесімін. Егер әр шаңырақта рухы мықты, білімі терең, саналы ұрпақ тәрбиеленсе, онда еліміз де сан биіктерге қол жеткізеді деп ойлаймын.
Елбасымыз айтқандай, Қазақстан саяси, экономикалық және рухани жағынан жаңғыра білуі керек. Осыған еліміздің әр азаматы үлес қоса білсе, ортақ мақсатқа бір табан жақындағанымыз. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде қоғамдық қызметімізді қалыс қалдырмай, өңірдің өркендеуіне барынша септесіп келеміз. Бес саусақ бірдей емес, біреу кейін қалса, оған көмектесіп жіберу кәсіпкерлердің борышы болуы тиіс. Ең бастысы, тәуелсіз Қазақстанымыз әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің сапына қосылса, ортақ абырой, міне, сол болар еді.

