Текелі қаласында автобус жүргізушілері жұмыссыз қалды

ТЕКЕЛІ. KAZINFORM – Жетісу облысындағы «Текелі» автопаркінің жұмысшылары бір-ақ күнде жұмыссыз қалды. Өйткені, шенеуніктер компаниямен келісімшартты бұзған. Автопарк ұжымы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының бұл шешіміне наразы.

Текелі қаласында автобус жүргізушілері жұмыссыз қалды
Фото: Айбек Құттыбек

Автопарк әкімшілігі арадағы келісім бұзылғандығы туралы хабарламаны 28 тамыз күні алған. Хабарламада «Текелі қаласы бойынша жолаушы тасымалы қызметіне байқау өткізілгені» жазылған. Сондай-ақ, хатта тендерді өзге компания ұтып алуына байланысты «Текелі» автопаркіне 31 тамыз күні жұмысты тоқтату ескертілген.

Текелі қаласында автобус жүргізушілері жұмыссыз қалды
Фото: Айбек Құттыбек

«Бізге келісімшарт үзілгені туралы 28 тамызда сағат 16:00-де ғана ескертілді. Тендер ойнатылғаны туралы сол күні ғана естідік. Байқауды жасырын өткізген. Оған дейін әкімдік қызметкерлерінен біздің тарапымыздан кемшіліктер болғаны туралы ешбір ресми хат алмадық. Жұмысымызды мінсіз атқардық деуге болады, 70 жылдан бері жолаушы тасымалымен айналысып келеміз. Бұл шешім әділетсіз деп санаймыз», - дейді автопарк менеджері Инга Байкенженова.

70 жылдық тарихы бар кәсіпорынның 25 қызметкері түгел жұмыссыз қалды. Олардың көбі – тәжірибелі жүргізушілер.

«Ең аз дегені осында 9 жыл жұмыс істеген. Әйтпесе 40 жыл жұмыс істегендер бар, мен өзім 13 жыл жұмыс істедім осы автопаркте. Бала-шағаны асырап, осымен күн көріп жүрміз», - дейді Болатбек Көбеев.

«Жүргізушілердің бәрі автобусты келісімшарт бойынша сатып алу құқығымен алған еді. Енді біраз істесек автобус жекеменшігімізге өтер еді. Енді жұмыс қалай болатыны белгісіз болып тұр, автобустың да жағдайы белгісіз болып тұр», - дейді Сырымбек Мұратбек.

Ал, шенеуніктер бұл шешім қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жасалғанын жеткізді. Қала әкімінің орынбасары Ерлан Жетібаев автопарк қызметін дұрыс атқармағандықтан, қайта байқау жарияланып, жаңа компаниямен келісімшарт жасалғанын айтты.

Текелі қаласында автобус жүргізушілері жұмыссыз қалды
Фото: Айбек Құттыбек

«Тұрғындардан шағым түсті, себебі автобус тоқтап қалады, сынып қалады. Ақпан айында автобус жүргізушілері қоғамдық көлікті тоқтатып тастады. Біз бірнеше мәрте бұл кісілерге жүрмегені үшін, тұрғындарды дұрыс тасымағаны үшін ұйғарым бердік. Сол себептен конкурс жарияладық», - дейді Текелі қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жетібаев. 

Ал автопарк басшысы прокуратураға шенеуніктердің үстінен шағым түсіріпті. Енді бұл іспен құзырлы орган айналыспақ.

Текелі қаласында автобус жүргізушілері жұмыссыз қалды
Фото: Айбек Құттыбек

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада 11 қоғамдық көліктің жүру бағыты өзгергені туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар