Текелі қаласында итін өлтіріп, иесін сабаған азамат 1 жылға бас бостандығынан айырылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісу облысы Текелі қалалық соты денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және жануарларға қатыгездік таныту бойынша айыпталған 3 адамға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚР ҚК 108-бабының 1-тармағы 4-бөлігі, 316-бабының 3-бөлігі 2-тармағы). Нәтижесінде К. есімді азамат 1 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жетісу облысы, Текелі қалалық соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға қыркүйек айында Текелі қаласында болған. Үш азамат ішімдік ішуге жиналған. Жолда тағы бір таныстарын кезіктіріп, қатарларына қосып алған. Дастархан басында өзара жанжал шығып, бір адам жарақат алады.
«Жанжалдан кейін К. және С. жәбірленушінің итін өлтіріп, оның етінен тамақ дайындамақ болған. Сол мақсатта олар итті ваннаға апарып өлтірген, бірақ оның етін пайдалану ойынан бас тартқан, себебі болған жағдайдан кейін өздерін жайсыз сезінген» - делінген хабарламада.
Жәбірленуші сотқа айыпталушылармен татуласуына және келтірілген зиянды өтеуіне байланысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрап жүгінген. Ал, айыпталушылар істеген істеріне өкінетіндерін айтып, кінәларын толық мойындаған. Сот жәбірленушінің өтінішін қанағаттандырып, ҚР ҚК 68-бабына сәйкес екі азаматқа қатысты істі тоқтатқанмен үшінші азаматқа кінәні жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, ҚР ҚК 108-бабының 1-бөлігі және 316-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді. Еске салайық бұған дейін Жетісу облысында есірткі сақтаған 33 жастағы ер адамның ұсталғанын жазғанбыз.