Текелі қаласында 60 пәтерлі үй салынады
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысы, Текелі қаласындағы «Достық» шағын ауданының Сейфуллин көшесінде 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ мен «Шымыр» ЖШС бас директоры Руслан Валишанов тұрғын үйдің іргетасын құю рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өз сөзінде шаһар басшысы Алмас Әділ баспанаға мұқтаж жандар үшін тұрғын үйлердің көптеп салынғаны үлкен қуаныш екенін, бір-екі ай бұрын ғана «Достық» шағынауданында 40 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй пайдалануға берілгенін де айтты. «Алатау» шағын ауданында тағы бір 40 пәтерлі жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқанын сүйіншіледік. Енді, міне, 60 пәтерлі инвестициялық тұрғын үй салынып бітсе, қаладағы баспана мәселесін шешуге сеп болары сөзсіз», – деді қала әкімі.
Құрылыс жұмысын қолға алған «Шымыр» ЖШС учаске басшысы Еркін Құрмансейітовтің сөзінше, жоспар бойынша 15 бір бөлмелі, 15 екі бөлмелі, 30 үш бөлмелі пәтер болады. Мемлекет дайын үйді сатып алып, ары қарай заң аясында тиісті тұрғындарға бермек.
«Біздің серіктестік 60 пәтерлі 5 қабатты үйді толық салып, іші-сыртын әрлеп, сырлап, қоныстануға дайын қылған соң, талапқа сай сапасын арнайы комиссия тексеріп, қабылдайды. Құрылыс салуға тиісті құжаттарымыз түгел, техникалық қадағалауды Н.Болсамбеков, авторлық қадағалауды Т.Сванов жүргізеді – деген участке басшысы серіктестіктің көпқабатты тұрғын үй салуда тәжірибесі бар екенін де атап өтті.