Текелі қаласында жаңа су электр станциясы ашылады
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Текелі қаласында индустрияландыру күні қарсаңында Қора су электр стансасы іске қосылады. Жобаның қуаттылығы 28,5 МегаВатт болмақ, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Қора өзеніндегі су электр станциясы Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы аясында елімізде қалпына келтірілетін энергия көздерін көбейту тапсырмасымен қолға алынды.
Жоба құны 7,1 млрд теңге. Қаражаттың 78 пайызы жеке инвестиция болса, қалған 28 пайызы несиелер.
Құрылыс жұмыстары 2015 жылдың қараша айында басталды. Қазіргі таңда негізгі қондырғылар орнатылып, гидромеханикалық құрылғылар сынақтан өткізілуде. Сондай-ақ, ғимараттың маңайы абаттандырылып, қоршаулар тұрғызылып, бейнебақылау камералары қосылуда.
Бұл жоба Алматы облысында қайта қалпына келтірілетін қуат көздерінің ішінде қуаттылығы жағынан Мойнақ СЭС-інен кейін екінші орында. Электр станция құрылысына 250 адам жұмылдырылды. Іске қосылғаннан кейін бұл жерде 23 адам еңбек ететін болады.
Өндірілген электр қуаты толығымен ішкі нарыққа жұмсалады деп жоспарлануда.