Текеліде оқушыларға ұятты нұсқаулық таратқан аурухана психологі жұмыстан кетті

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысының Текелі қаласында оқушыларға ұятты нұсқаулық таратқан аурухана психологі өз еркімен жұмыстан кетті. Одан өзге мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия хатшысы сөгіс алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысының Текелі қаласындағы мектеп оқушыларына ақылы интимдік қызмет көрсету туралы нұсқаулықтар таратылған. Мұндай брошюраларды көрген ата-аналар әлеуметтік желілерде шу көтерген.

Олардың айтуынша, нұсқаулықта жыныстық қатынас кезінде қалай қорғану керектігі жайында жазылған.

Белгілі болғандай құқықтық апта аясында Текелі қаласының №8 мектебіндегі 7-9 сынып оқушыларына дәріс беруге қалалық ауруханадан психолог шақыртылған. Маман кәмелетке толмаған балаларға буллинг пен кибербуллинг тақырыбында бейнероликтер көрсеткен.

Алайда, сабақ барысында психолог оқушыларға ЖИТС орталығы бекіткен буклеттерді таратудың орнына, басқа топтарға арналған нұсқаулықтарды беріп жіберген.

Осы даудан кейін аурухана психологі өз еркімен жұмыстан кетті. Одан өзге, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия хатшысы сөгіс алды.

Ал, Жетісу облыстық білім басқармасындағылар Текелідегі мектеп әкімшілігін ақтап отыр.

«Бар жайтқа кінәлі тәрбие сағатын жүргізген аурухана психологі», - дейді.

«Ол жерге қалалық аурухананың психологі келіп, мектеп әкімшілігімен келіспей, сол материалдарды таратқан. Бүгінгі күні білім басқармасы тарапынан тәртіптік жаза қолдандық, яғни мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына сөгіс жарияланды. Ал аурухана психологі өз еркімен жұмыстан босатылды», - деді Жетісу облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әлишер Башаров.

Айта кетейік, бұған дейін Текелідегі оқушыларға таратылған брошюра ата-аналардың жағасын ұстатып, наразылықтарын тудырғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар