Текеліде зардап шеккен отбасыларға пәтер кілттері табыс етілді
Амандық Баталов №1 орта мектепті аралап көрді. 1948 жылы салынған бұл ғимаратты сейсмикалық нығайтуға және күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 180 миллион теңге бөлінді. «Жөндеу-Құрылыс» ЖШС-нің 200-ден астам құрылысшысы маусымның 28-і мен тамыздың 25-і аралығында мектепті қалпына келтіру жұмыстарымен айналысты.
Одан кейін Амандық Баталов Спорт сарайында болды. «Шымыр» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізген ол нысан алғашқылардың қатарында Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйімен бірге пайдалануға берілген.
Әкімнің орынбасары сондай-ақ, Текелідегі үйлері апатты жағдайда болған зардап шеккен отбасыларға пәтер кілттерін табыс етті. Тамыз айының аяғында 56 отбасы қалалық әкімдік берген тұрғын үйлерге кіріп, ал 16 отбасы қыркүйектің алғашқы күндері Қазақстандық және Коринская көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерден жаңа баспана алған болатын.