Тексерістердің алдын ала нәтижесі бойынша Педиатрия институтында С гепатитін жұқтыру болған жоқ - министр Ж.Досқалиев

АСТАНА. Желтоқсанның 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында балалардың С гепатитін жұқтыруына қатысты ведомствоның арнайы комиссиясының жүргізген зерттеулерінің алдын ала нәтижелерін жария етті,
None
None

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ж.Досқалиевтің атап көрсеткеніндей, аталмыш жағдайдың мән-жайын анықтау үшін арнайы құрылған комиссияның құрамындағы топтың бірі, аталмыш Педиатрия институтында 2007-2009 жылдар аралығында емделген барлық 3 мың баланың ауру тарихтарын жіті қарап, нәтижесінде 106 науқастың қандарының құрамында ауруханаға түсердің алдында С гепатиті болғандығын анықтаған. Қазір министрдің тапсырмасы бойынша, осы 106 баланың Институтқа түспес бұрын емделген медициналық мекемелеріне тексерістер жүргізілуде.

«Комиссияның бүгінгі күнге дейін жүргізген тексеріс жұмыстарының нәтижесі бойынша Педиатрия институтында инфекцияны жұқтыру деректері болған емес», - деп атап өтті министр.

Министр, сондай-ақ  «Гепатиттің инфекциясы Педиатрия институтына республикалық Қан орталығынан жеткізілген қан және қан препараттарының құрамында болған», - деген жорамалдар мен айыптауларды жоққа шығарды. Оны бұл мәселемен жете айналысқан комиссияның құрамындағы екінші топ анықтаған. Оның үстіне, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау органдары Қан орталығына 2008-2009 жылдар аралығында 6 рет тексеріс жұмыстарын жүргізген көрінеді.

Ж.Досқалиев жұқпа, гепатиттің аталмыш түрімен ауыратын республикалық Қан орталығының екі доноры арқылы келуі мүмкін деген ақпараттың да расталмағандығын жеткізді. Ал қандардың бір-біріне араластырылуы - медициналық талаптардың ешбір нормаларына сай келмейтіндігін және ондай үрдіс ешбір уақытта қолданылмайтындығын қадап айтты.

«Комиссия әлі де жұмысын жалғастыратын болады. Келесі жылдың ішінде де жұмыс істеуі мүмкін. Ал кінәлі тұлғалар, мейлі ол аудандық, не облыстық деңгейде болсын - олар тиісті жазаларын тартатын болады. Бұл мәселе ешбір жерде қайталанбайтындай болу қажет», - деді ол.

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша әлемде С гепатитімен 200 миллион адам ауырады. Алдағы уақытта оның саны 500 миллионға жетуі ықтимал деген болжам бар. С гепатитінің инфекциясы қандай да бір препараттарды қанға енгізу кезінде ғана жұғатындықтан, ол ауа арқылы тарамайды. Жыныстық жолдармен берілу мүмкіндігі де өте төмен.

Соңғы жаңалықтар