Телеарналар көрсетілімін қадағалайтын қоғамдық комиссия құру керек - С. Тұрсынов
АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Балалар мен жастар тәрбиесін жақсарту мақсатында еліміздегі телеарналар көрсетілімін қадағалайтын қоғамдық комиссия құру қажет. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевке және ҚР Бас Прокуроры Қайрат Мәмиге сауал жолдаған депутат Сағынбек Тұрсынов осылай мәлім етті.
«Қоғамдық сананы қалыптастыруда, бала тәрбиесінде бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде телеарналардың алар орны ерекше. Балалардың күнделікті уақытының қанша сағатын теледидар алдында өткізетінін айтпаса да түсінікті. Сондықтан телеарналарда көрсетілетін түсірілімдердің сапасы мен мазмұнына аса мән берілуі қажет деп ойлаймын»,- деді депутат.
Оның айтуынша, еліміздегі телеарналар қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзып, ұрпақ тәрбиесіне кереғар дүниелерді көрсетуден таймай келеді. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда «порнографиялық және арнаулы сексуалдық-эротикалық сипаттағы радио, теледидар бағдарламаларының эфирге шығарылуына, сондай-ақ кино және бейне өнiмiнiң көрсетiлуiне, қатiгездiк пен зорлықты насихаттауға тыйым салынады»,-деп жазылған. Соған қарамастан қай арнаны алып қарасаңыз да атыс-шабыс, қантөгіс немесе эротикалық сипаттағы шет елдік фильмдер мен бағдарламалар, клиптер ұдайы көрсетіледі. Бұдан бөлек, заң арқылы темекі мен ішімдіктерді жарнамалауға тыйым салынған. Алайда ретрансляцияланатын ресейлік арналардағы сыра немесе басқа ішімдіктердің жарнамасы біздің эфирде үздіксіз көрсетілуде. Бұл Қазақстанның заңнамаларына қайшы. Сондықтан аталған заңның орындалуын қамтамасыз ету мен балалар мен жастар тәрбиесін жақсарту мақсатында телеарналар көрсетілімін қадағалайтын қоғамдық комиссия құру қажет деп білемін», - деді С. Тұрсынов.