«Телеарналар неге Наурыздан гөрі, жаңа жылды құрметтейді?»-республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 17 наурыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, ҚР Президенті лауазымынан үміткер Мэлс Елеусізов пен Ғани Қасымов Алматы мен Астана қалаларында және облыс орталықтарында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін Орталық сайлау комиссиясынан көмек сұрады. Осы мәселеге орай өз жауабын берген ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов: «Біз мәселені шеше аламыз деген ойдамын. Таяуда Астана мен Алматыда және бірқатар облыс орталықтарында аталмыш кандидаттардың жаңа билбордтары мен жарнамалары бой көтеріп қалар», - депті. Мақала «Қос үміткер көмек сұрады» деген тақырыппен берілген.
«Бұны да кеңестік заманнан қалған әдет дерсіз, бірақ күні бүгінге дейін отандық телеарналарда Ұлыстың ұлы күні - Наурыздың насихатталуы, 31 желтоқсанда тойланатын жаңа жылдан аса алмай келеді», - деп жазады «Айқын» газеті. Расында да Жаңа жылға біздің телеарналар Ресейдің электронды БАҚ-тарымен жарысып, әрқилы қызықты бағдарламалар, ток-шоулар, тіпті өзіндік қысқа фильмдер түсіруге де тырысып бағады. Ал Наурызды насихаттау мақсатында түсірілген азды-көпті бағдарламалар бюджетінің қандай болғанын олардың сапасынан-ақ байқау қиын емес. Бұл жайында басылымның бүгінгі санындағы «Телеарналар неге Наурыздан гөрі, жаңа жылды құрметтейді?» деген мақалада кеңінен баяндалған.
***
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Мәжілістің кешегі жалпы отырысында депутат Уәлихан Қалижан Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың атына үндеу жасады. Онда мәжілісмен Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ауқымын да, мазмұнын да кеңейту қажеттігін айтқан. «Мемлекет хатшысынан арнайы комиссия құрып, наурыз мейрамын тойлаудың біртекті жоспарын жасауды сұраймын», - депті ол. Осы және халық қалаулыларының жалпы отырысында көтерілген өзге де жайттармен етене танысқыңыз келсе, басылымдағы «Депутаттар Наурыз мейрамының «селт еткізерін» іздеп әлек» деген мақалаға назар салыңыз.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында биология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мұрат Ғылмановпен арадағы сұхбат «Қазақстанда арнайы өнертапқыштар қоғамын құру керек» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Қоғамды, соның ішінде ғылымды індет жайлап бара жатса, бұл, біріншіден, мемлекеттік бақылаудың төмендігінен. Екіншіден, біздегі лауазымды тұлғаларда қызметке деген жауапкершілік аз. Үшіншіден, мамандарды таңдау кезінде бізде субъективизм басымдық танытады», - дейді.
***
Бейресми статистикалық деректерге сәйкес 500 мыңнан астам қазақ әртүрлі діни секталар қатарын толықтырыпты. Осы мәселе «Нұр Астана» газетінің бейсенбілік нөміріндегі «Секта сансыз, қазақ жалғыз» тақырыбындағы мақалада көтерілген. «Елімізде бар-жоғы 8 мыңға жуық армян бар екен. Алайда, олардың 50 шіркеуі бар дегенді естігенде, амалсыз жағаңды ұстайсың. Ең масқарасы, әлгі шіркеулерде діни қызметті өзіміздің қазақтар атқарады екен. Ал керек болса. Діни плацдарм деген осы шығар, бәлкім», - деп жазады басылым.
***
«Кеше ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі БҰҰ Аймақтық Орталығының басшысы Мирослава Енчаны қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында Орталық Азиядағы су-энергетикалық ресурстарды басқару, заңсыз көші-қон, есірткі трафигі және трансшекаралық қылмыс, экстремизм мен терроризмге қарсы күресті қамтитын ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымы, сондай-ақ ауған проблематикасымен қоса, аймақтағы ахуал талқыланды.