«Телеарналарда қазақы иісі аңқып тұрған дүниелер бірлі-жарым» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 24 желтоқсан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Телеарналарда қазақы иісі аңқып тұрған дүниелер бірлі-жарым» - республикалық басылымдарға шолу

***

Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Санкт-Петербург қаласындағы Таврия сарайында өткен ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының он үшінші отырысына қатысып, онда ЕурАзЭҚ ПАА-ның төрағалығына сайланды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Мерейтойлық отырыс елімізде өтеді» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның атап өтуінше, отырыста Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының судьялары тағайындалды. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысын бастайтын жаңа сот органына Қазақстан тарапынан Мұсабек Әлімбеков пен Жолымбет Бәйішев қызметке баратын болды.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен ағымдағы жылдың жұмыс қорытындыларын және алдағы кезеңдегі қызметтің басым бағыттарын қарап, талқылаған Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Оның жұмысына бейнеконференциялық байланыс арқылы облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі прокуратуралардың қызметкерлері қатысты. Алқа жұмысының қорытындысы бойынша Бас прокурор азаматтардың, кәмелетке жасы толмағандардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қорғау, ұйымдасқан қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, экстремизм және терроризммен күрес тәрізді прокурорлық қадағалаудың басым бағыттары бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

***

Осыдан он шақты жыл бұрын ұялы телефон біз үшін таңсық еді. Бүгінде ересектер былай тұрсын, кішкентай бүлдіршіндердің қолында қос телефоннан бар. Әлем ғалымдары ұялы телефонның адам ағзасына тигізер кері әсері туралы жиі айтады. Алайда құлақ түріп, елеп жатқан ешкім жоқ. Қайта заман ағымына сай ұялы телефонның түр-түрі жұрттың назарын баурап жүр. Әсіресе, түрлі ойындары мен ғаламторға шығу мүмкіндігі бар телефондар жас ұрпақтың сүйікті «ойыншығына» айналды. Мамандар алдағы 10-15 жылда сымсыз телефонның әлегінен ісік дертіне шалдығушылардың саны арта түсетінін айтып дабыл қағуда. Бұл жайында тереңірек білгіңіз келсе, «Айқын» газетінің сенбілік санындағы «Қалталы телефон қауіпті» деген тақырыптағы мақалаға назар аударыңыз.

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында әнші-жыршы Ақан Әбуәлимен арадағы сұхбат «Телеарналарда қазақы иісі аңқып тұрған дүниелер бірлі-жарым» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Отандық БАҚ-тар тарихтан там-тұм ретінде, ертеде өмір сүрген және бүгінде көзі тірі белгілі жандар жайында аздаған дүниелер жасап тұруды тұрақты айдарларына айналдырса екен деймін. Солардың өмірбаянын, сіңірген еңбегін қазіргі ұрпақтарға жеткізіп отырса, жарқын жандардың есімдері өшпес еді. Әрі игі жандардың жүріп өткен өмір өткелдері - жас буынға тәрбие. Ол өнерден болсын мейлі, әдебиеттен болсын мейлі, әйтеуір, кез келген саладан», - дейді.

***

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменовті қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Ә. Байменов Президентке Агенттік пен оның аумақтық басқармаларының 2011 жылы атқарған жұмыс нәтижелері, агенттіктің жұмысын жетілдіру жөнінде жоспарланған шаралар, Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік қызметке қа­тысты заңнамасына енгізілетін өзге­ріс­тер мен толықтырулар және мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжы­рымдамасын іске асыру шеңберіндегі басқа мәселелер, сондай-ақ Қазақстанда мемлекеттік қызметті одан әрі реформалау мәселесінде халықаралық ынты­мақ­тастық туралы хабарлады.