Телефон алаяқтарының өздерін ҰҚК қызметкері ретінде таныстыру деректері жиіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ретінде өздерін таныстырып жүрген телефон алаяқтарының әрекеттері жиілеп кетті.

интернет алаяқтық
Фото: Kazinform

ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, қаскүнемдер ақшаны заңсыз иемдену мақсатында азаматтардан қаржылық операцияларды жүргізуге қатысты көмек сұрайды.

«ҰҚК өкілдерінің қызметтік міндеттерін орындау аясында азаматтарға кредит ресімдеуді, ақша аударуды және өзге де қаржы операцияларын жасауды ұсынуға өкілеттігі жоқ екенін хабарлаймыз», - делінген Ұлттық қауіпсіздік комитеті ақпаратында. 

Сондықтан күдік тудыратын телефон қоңыраулары мен хабарламалар, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы хаттар келіп түскен кезде полиция органдарына жүгіну керек.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астана қаласы Сарыарқа ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Жақай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде интернет алаяқтықпен күрес туралы бірқатар мәлімет бергенін жазған болатынбыз. Она алаяқтарға ақша аударып қойғаннан кейін полицияға жүгінудің мәні бар екендігі айтылған еді. 

Әлеуметтік желіде әлдекімдер Павлодар облысы әкімінің атынан парақшалар ашқан.

Ал, 2023 жылы Жамбыл облысында 200 адам қаржы пирамидасына алданғанын айтып шағым түсірген болатын.