Телефон арқылы адам өміріне араша түсуге тырысамыз – ТЖД диспечері

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Қандай да бір қиын жағдайға тап болып, құтқарушыларға хабарласқан адаммен ең әуелі диспетчер сөйлеседі. Жауапкершілігі мол бұл салада жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келмейді. ШҚО ТЖД өрт сөндіру қызметінің диспечері Екатерина Беспалованың еңбек өтілі – 20 жылдан асқан. Жұмыс уақытында оған 10 минутта 9 қоңырау келіп түскенін көрдік. Ал ширек ғасырға жуық уақыт ішінде ол қанша қоңырауға жауап бергенін осыдан-ақ елестете беріңіз. 

Өскемен
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Жұмыстағы ең алғашқы ауысымыңыз есіңізде ме?

- 2002 жылы қызметке келген кезде аға диспетчер Вячеслав Рафисович деген кісі тәлімгерім болды. Ол өте мықты адам, нағыз кәсіпқой. Маған не болса да дүрбелеңге бой алдырмауды, әрдайым сабыр сақтап, болып жатқан жағдайды қысқаша баяндауды, кезекшілікке үнемі жақсы көңіл-күймен келуді үйретті. Ең алғашқы ауысымым есімде қалмапты, бірақ оңай болмағынын білемін. 

- Жақсы диспечер болу үшін қандай қабілет керек?

- Ең әуелі сіз өз жұмысыңызды жақсы көруіңіз қажет. Өз міндеттеріңізді бүге-шігесіне дейін білуіңіз тиіс. Конституцияны сақтап, офицер атағына лайықты болу – бізге қасиетті борыш. Одан кейін адамдарға деген жанашырлық, мейірбандық керек деп ойлаймын. Стреске төзімділік те диспетчердің бойынан табылуы тиіс қабілет. 

- Отбасыңыз мұндай қиын жұмысқа қалай қарайды?

- Әрине, түсіністік танытады. Себебі жолдасым бір кездері өрт сөндіру қызметінде жұмыс істеген. Ол бәрін біледі. Ал ағам «сен жұмысқа емес, қызметке барасың. Сондықтан адал қызмет ет» деген еді. Мұны әрқашан есте ұстауға тырысамын. 

- Қызметтегі ең қиын деген жағдайлар туралы айтып берсеңіз...

- Ол оқиға есіме түскен сайын көзіме жас аламын. 2020 жылы қыс кезінде Шемонаиха ауданында қар басып қалған баланы іздеу жұмыстары болды. Біздің құтқарушылар баланың денесін тапты. Өзім де ана болғандықтан осы жайтты өзіме жақын қабылдадым. Өте ауыр болды. Ал, өрттердің қайсысы ерекше болғанын айта алмаймын. Себебі алуан түрлі өрт шықты. 
Диспетчер ретіндегі басты міндетім – оқиға орнына күштер мен құралдарды бағыттау, жедел жәрдем мен өзге де қажетті шұғыл қызметтердің сол жерге уақтылы жетуін ұйымдастыру. Бұл - жауапкершілігі зор, жүгі ауыр жұмыс.

- Хоббиіңіз қандай?

- Бізде бос уақыт аз. Бірақ соған қарамастан, қолым қалт етсе балалармен велосипед тепкенді ұнатамын. Жаңа рецепттерді үйреніп, дәмді тамақ пісіремін. Ұлым үнемі менен бір аспаздық шедевр күтіп жүреді. Шамам келгенше оны таңғалдыруға тырысамын. Одан кейін кітап оқығанды жақсы көремін. 

- Кітап оқуға да уақыт табатыныңыз өзгеге үлгі боларлық екен. Қандай кітаптарды жиі оқисыз?

- Әртүрлі. Өзімді дамытатын кітаптарды сүйіп оқимын. Мұндай кітаптар дағдыларыңыз бен ой-өрісіңізді жетілдіруге, мақсаттарыңызға жету үшін шабыт пен мотивация алуға көмектеседі. Тіл байлығын арттырып, дұрыс сөйлеу қабілетін жетілдіретін кітаптарды да оқимын. Оқыған соңғы шығармам – «Зулейха көзін ашады». Авторы – Гузель Яхина. Кітап оқу арқылы стрессті де азайтуға болады.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар