Телефон арқылы сөйлескен сөздердің құпиялылығын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы мемлекет азаматтарының жеке өміріне қол сұғылмауы, өзінің және отбасының құпиясы болуы, жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқылы және басқа да жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығының сақталуы сияқты шараларды қабылдауға бағытталады.
«Ата заңымыздың 18-бабында әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына құқығы барлығы белгіленген. Осы бапты іске асыру бойынша қосымша заң деңгейінде шаралар қабылдау мақсатында аталған құжат әзірленді. Бұл ретте азаматтардың жеке өмірінің, отбасының құпиясын, сондай-ақ жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің және тағы басқаларының құпиялылығын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отырмыз. Бұдан басқа, заң жобасы арқылы жедел іздестіру материалдарын бұрмалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу көзделіп отыр. Сонымен бірге, жедел іздестіру қызметінің қызметкерлері үшін жеке өмірге қол сұғылмаушылықты қозғайтын мәліметтерді жариялауға қатысты шектеулер аясы кеңейтіледі», деді Әділет вице-министрі Марат Бекетаев.
Оның айтуынша, заң жобасында жедел іздестіру шараларының заңдылығын, оның ішінде телекоммуникация желілері мен пошталық байланыс арналарындағы заңдылықты қадағалау кезінде прокурордың өкілеттігін нақтылау нормасы да қамтылып отыр.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін бас комитетке тапсырылады.