Телефон бұзақысының кесірінен Алматы әуежайына 11 рейс кешігіп келді
АЛМАТЫ. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Кеше, сағат 17:54-те Алматы Халықаралық әуежайының анықтама қызметіне бір әйелден сағат 19:00-де жарылуы тиіс бомба туралы хабарлама келіп түсті.
Аталған ақпарат жедел түрде әуежайдың басшылығы мен қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтеріне, Алматы қалалық ТЖ бойынша қызметтеріне, полиция және құзырлы органдарға жеткізілді, деп хабарлайды «Алматы Халықаралық әуежайы» АҚ-ның баспасөз қызметінен.
Жолаушылар мен қызметкерлерді терминал ғимаратынан шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшіру басталды. Сағат 18:15-ке қарай жолаушылар терминалының ғимараты толық босатылып, тоқтан ажыратылды. Одан кейін мұқият тексеру басталды, бірақ ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Сағат 20:00-де жолаушыларға, әуе кемелері мен жүк бойынша қызмет көрсету қалпына келтірілді.
Телефон бұзақысының әрекеті 11 рейстің кешігіп келуіне себеп болды. Қазіргі кезде Алматы Халықаралық әуежайының барлық қызметтерінің жұмысы толық қалпына келтірілді. Құқық қорғау органдары аталған факті бойынша тергеу жүргізуде. Алматы халықаралық әуежайы келтірілген шығын сомасын анықтауда.