Телефон қоңырауы Премьер-министрдің Үкімет отырысынан шығып кетуіне себеп болды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов отырыстан шығып кетуге мәжбүр болды.
Алқалы жиынды ашқан Үкімет басшысы жаңадан тағайындалған Оқу-ағарту министрін ант қабылдауға шақырған еді.
— Өздеріңіз білетіндей, өткен аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды. Жаңа қызметіңіз құтты болсын. Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы конституциялық заңға сәйкес, Үкіметтің жаңа мүшесінің ант беруін сұраймын, — деді Үкімет басшысы.
Осы сәтте Премьер-министрдің алдында тұрған ақ телефон шырылдап қоя берді. Телефонмен санаулы секунд сөйлескен Үкімет басшысы сыртқа шығып кетті.
Ал министр ант қабылдап орнына отырғаннан кейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жанында отырған вице-премьер — Үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевпен азды-кем ақылдасып, отырысты жалғастырды. Біраз уақыттан кейін Үкімет басшысы оралып, отырысты одан ары жүргізді.
Бұдан бұрын Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бизнес-процестерін жаңғырту баяу жүріп жатқанын айтты.