Телефонмен сөйлескен 9 автобус жүргізушісі жазаланды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында қоғамдық көлік басқарып, ұялы телефон пайдаланатын жүргізушілер көбейген. Бұл туралы жергілікті полиция қызметінің (ЖПҚ) бөлім бастығы Айгүл Бекмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің мамандары осы аптада «Автобус» профилактикалық іс-шарасын өткізді. Мақсаты - қоғамдық көліктердегі құқықбұзушылықтарды анықтау. ЖПҚ бөлім бастығы Айгүл Бекмағамбетованың сөзінше, қозғалыс кезінде телефонмен сөйлесетін автобус жүргізушілері көбейген.
«Бүгінге дейін облыс аумағында 231 жол қозғалысы ережелерінің бұзылу фактілері тіркелді. Тексеру барысында бір автобус жүргізушісінің медициналық тексеруден өтпегені анықталды. Сондай-ақ, ол көлігін техникалық қарау орталығынан өткізбеген. 9 қоғамдық көліктің жүргізушісі ұялы телефонмен сөйлескені үшін жазаланды. Тағы 11 автобустың жүргізушісі қала ішінде жылдамдықты асырған. Бұл көрсеткіш өткен айлармен салыстырғанда едәуір артқан», - деді Айгүл Бекмағамбетова.
Айта кетейік, автобус парктерінде қауіпсіздік кеңестері құрылуда. Онда талапты елемеген жүргізушілерге қатысты тәртіптік жаза қолданылады.