Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Telegram жеке домендік аймаққа ие болуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Telegram компаниясы .gram жеке домендік аймағын тіркеуге өтінім берді. Егер өтінімді Халықаралық домендік атаулар мен IP-мекенжайларды басқару ұйымы (ICANN) мақұлдаса, мессенджер қолданушылары екінші деңгейлі домендерді тіркеп, олардың негізінде интерактивті сайттар жасай алады.

Телеграм
Фото: ТАСС

Мессенджердің негізін қалаушы Павел Дуров өтінім берілгенін хабарлады. Оның айтуынша, болашақта Telegram-ның шамамен 1 млрд қолданушысы .gram аймағында жеке домен иелене алады.

Жаңа жүйе қарапайым мәтіндік сұраулар арқылы интерактивті сайттар жасауға да мүмкіндік береді. Ол үшін қолданушы қалаған сайтын бір ғана промпт арқылы сипаттаса жеткілікті. Кейін дайын сайтты платформада орналастыруға болады.

ICANN (Internet Corporation for Assigned Names and Numbers) — домендік атаулар жүйесі мен интернеттегі мекенжай кеңістігін бөлуді үйлестіретін халықаралық коммерциялық емес ұйым.

Бұған дейін Telegram қосымшадағы сілтемелерді қалыптастыру үшін t.me орнына telegram.me доменін қолдана бастаған еді. Бұл ретте бұрынғы сілтемелер де жұмысын жалғастыра береді.

Айта кетейік, осыған дейін Ресей Павел Дуровқа халықаралық іздеу жариялаған болатын.