Телекоммуникация нарығындағы кәсіпорындардың тұтас кірісі былтыр 8,3 пайызға ұлғайды -Бақытжан Битеміров

АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Телекоммуникация нарығындағы кәсіпорындардың кірісі былтыр 441,3 миллиард теңгеге жетті.

Телекоммуникация нарығындағы кәсіпорындардың тұтас кірісі  былтыр 8,3 пайызға ұлғайды -Бақытжан Битеміров

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Software Engineering Summit-2010 Қазақстан» форумында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Телекоммуникация саласы Қазақстан экономикасының дамушы секторы саналады. Былтыр алдыңғы жылға қарағанда кәсіпорындардың тұтас кірісі 8,3 пайызға ұлғайды. Кіріс құрылымының басым бөлігі мобильді байланыс қызметінің үлесіне тиеді. Онда кіріс 237,9 миллиард теңгені немесе 54 пайызды құрайды. Одан кейінгі орындарда қалааралық және халықаралық байланыс 52,1 миллиард теңге (11,8 пайыз), интернет қызметі - 42,6 миллиард теңге (9,6 пайыз) және жергілікті телефон байланысы - 30,9 миллиард теңге (7 пайыз). Ал өзге байланыс қызметтері 65,4 миллиард теңгені немесе 6,1 пайыз», дейді Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Дамушы салалар департаментінің жоғары технология саласы басқармасының бастығы Бақытжан Битеміров. Оның айтуынша, 2009 жылы белгіленген байланыс нарығындағы абоненттердің саны 3,7 миллион адамды құрады. Мобильді байланыс абоненттерінің саны 14,9 миллион боп, 100 тұрғынға шаққанда абоненттер жиілігі 95,5-ке жетті. Ғаламтор желісіндегі абоненттер саны байланыс операторларының есебі бойынша 5,1 миллионнан асты яғни, 100 тұрғынға шаққанда 32-ні құрап отыр.