Телекоммуникация саласындағы кәсіпорындардың кірісі 2014 жылы 830 млрд. теңгені құрайды - Бақытжан Битеміров
АЛМАТЫ. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Телекоммуникация нарығындағы кәсіпорындардың кірісі 2014 жылы 441,3 миллиардтан 830 милллиард теңгеге дейін ұлғаяды.
Бұл жайлы кеше Алматыда өтіп жатқан «Software Engineering Summit-2010 Қазақстан» форумында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Телекоммуникациялық құрал-жабдықтар нарығының көлемі былтыр - 13 миллиард теңге, ал телекомуникациялық қызмет нарығы 428 миллиард теңгені құрады. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 8,3 пайызға жоғары. Инфокоммуникация саласын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған іс-шаралар нәтижесінде телекоммуникация нарығындағы кәсіпорындардың кірісі 5 жылдың ішінде 830 миллиард теңгеге жетпек. Оның 19 миллиарды - құрал-жабдықтар, 811 миллиарды қызмет нарығының үлесінде», дейді Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Дамушы салалар департаментінің жоғары технология саласы басқармасының бастығы Бақытжан Битеміров. Оның айтуынша, телекоммуникациялық құрал-жабдықтар нарығындағы жыл сайынғы өсім операторларда - 5 пайыз, корпоративтік қолданушыларда - 10 пайыз, жеке қолданушыларда 5 пайызды құрамақ. Кіріс 5 жылдың ішінде операторларда - 6-дан 8 миллиард теңгеге, корпоративтік қолданушыларда - 3-тен 5 миллиард теңгеге, жеке қолданушыларда 4-тен 6 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды. Ал қызмет көрсету нарығындағы жыл сайынғы өсім мобильді байланыста - 10 пайыз, қалааралық және халықаралық байланыста - 5 пайыз, жергілікті телефон байланысында - 20 пайыз, интернетте - 15 пайыз, басқа қызметтерде 20 пайыз болады деп жоспарлануда. Ондағы кіріс 2014 жылы мобильді байланыста - 237-ден 384 миллиард теңгеге, қалааралық және халықаралық байланыста - 52-ден 70 миллиард теңгеге, жергілікті телефон байланысында - 31-ден 83 миллиард теңгеге, интернетте - 43-тен 104 миллиард теңгеге, өзге қызметтерде 65-тен 170 миллиард теңгеге дейін артады деп болжанып отыр.