Телекоммуникация қауымдастығы құрылады - Бағдат Мусин шағын операторлардың пайдасы туралы айтты
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде шағын операторлар мен жергілікті атқарушы органдардың үй шаруашылықтарына тұрақты түрде интернет орнату мәселесі жан-жақты қарастырылды, деп хабарлайды Kazinform.
Осы орайда, сала жетекшісі Бағдат Мусин "Шағын операторларды не үшін қолдау қажет?" деген сауалға жауап берді.
"Шағын операторлар клиенттің мәселелерін анағұрлым тиімді шешеді, ауылдық жерлерге Интернетті жеткізу кезінде барынша жеделдік танытады, сондай-ақ, олар клиентке бағытталған қызмет атқарады және төмен абоненттік төлем ұсынады. Шағын операторлардың дамуы нарықта жақсы бәсекелестікке жол ашады. Сонымен қатар, шағын және орта операторлар сенімді жұмыс орындарын ашады, өз қызметкерлерінің телекоммуникация саласында дамуына көмектеседі.
Іс жүзінде шағын және орта байланыс операторлары бірқатар проблемамен бетпе-бет келетіні жасырын емес. Мәселен, жарықтандыру тіректері жергілікті атқарушы органдардың балансында болады, ал мұндай жағдайда, жергілікті атқарушы органдар талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту үшін құқықтық негіз таба алмай қалуы мүмкін немесе тіректі жалға беру құнын анықтай алмайтын жағдай да туындап жатады", - деді министр.
Жиында жарықтандыру тіректеріне талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту (бірлесе тарту) қағидаларын әзірлеу, тіректердің кез келген мемлекеттік/квазимемлекеттік иесі үшін айына 1 тірек үшін 50 теңгеден аспайтын мөлшерде бір тіректі жалға алудың шекті мөлшерлемесін белгілеу, «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын іске асыру үшін тіректерді тегін пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізу, қос мақсатты тіректер ретінде жарықтандыру тіректерін қосу арқылы «Қос мақсатты тіректерде телекоммуникациялар құралдарын орналастыру қағидаларын» өзгерту ұсынылған.
Министрлік алдағы уақытта операторлардың барлық ұсынысын зерттеп, ескермек.
"Сонымен қатар, телекомммуникация саласын дамыту мәселелерін және шағын және орта операторлардың оның дамуына қалай оң әсер ететінін талқыладық.
Бүгінгі таңда ірі операторларда Ұлттық телекоммуникация қауымдастығы бар, ол нарықтағы ірі операторлардың мүдделерін ілгерілетеді. Мен өз тарапымнан күш-жігерді біріктіру, маңызды мәселелерді көтеру және өз құқықтарын қорғау үшін сала мамандарына Шағын операторлар қауымдастығын құруды ұсындым. Жақын арада операторлар Телекоммуникация қауымдастығын құрады.
Келесі жылы біз «соңғы мильді» төсеу үшін арнайы гранттар беру, шағын және орта операторларды субсидиялау бойынша үлкен жобаны қолға аламыз, ол ауылдардағы 300 мың үй шаруашылығын қамтитын болады", - деді Бағдат Мусин.
Сондай-ақ, оның сөзінше, министрлік заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуде. 2022 жылы нормативтік-құқықтық актілерге электр бағаналарына кабельді ілуге рұқсат беру бойынша өзгерістер енгізілді, бұл абоненттердің Интернетке қосылу мерзімін және кабельді төсеуге қатысты инвестициялық шығындарды қысқартуға мүмкіндік берді.
"Қазіргі таңда Қазақстанда 90-ға жуық орта және шағын оператор жұмыс істейді. Мысалы, қазір Астана әкімдігімен бірлесіп, тұрғын үй алаптарын дамыту мақсатында шағын операторларды тарту бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. 2023 жылдың соңына дейін жылдамдығы жоғары Интернет 14 тұрғын үй алабында, ал 2024 жылы 3 тұрғын үй алабында (Өндіріс, Казгородок, Кирпичный) жүргізіледі.
Қазірдің өзінде желіге 5500 абонент қосылып, 440 шақырымнан астам оптикалық кабель тартылды, барлық жұмысты 2024 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр", - деген спикер.