Телемедицинаның толық функционалын көрсететін пилоттық аймақтар анықталмақ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпен Мемлекет басшысының телемедицинаны дамыту, бизнес-процестерді реинжинирингтеу, деректерді жинаудың заманауи технологияларын енгізу, медициналық бейнелерді сақтауды орталықтандыру және жасанды интеллекті енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселесін талқыладық. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында екі жыл ішінде Қазақстанның 650 ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылатынын атап өтті. Сонымен қатар Президент шалғай аудандардың тұрғындары білікті медициналық көмекке қол жеткізе алуы үшін телемедицинаны дамыту мәселесін басты назарға алуды тапсырған болатын. Ажар Ғиниятпен кездесу барысында телемедицинаның толық функционалын көрсетуге бағытталған пилоттық аймақтарды анықтаймыз деп уағдаластық. Біз бірнеше фельдшерлік-акушерлік пунктерді пациенттердің деректерін тікелей облыстық ауруханаға ұсынатындай етіп жабдықтаймыз. Дәрігерлер осы арқылы пациентке көмек көрсету туралы шешімді тез арада қабылдай алады. Осы ретте, денсаулық сақтау министрлігі онлайн-қызмет көрсетуді ынталандыру үшін бірқатар құжатқа қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді», - деп жазды Бағдат Мусин желідегі парақшасында.

Мусиннің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллектті енгізу мәселесі күннен-күнге өзекті бола түсуде. Жасанды интеллекті сертификаттау бойынша процестерді белгілі бір аурулармен күресуге көмектесетін құрал ретінде бастау керек.
Бірақ алдымен бірыңғай ақпарат сақтау қоры мен суреттерді сақтау жүйесін жасау қажет, себебі бұл әзірше жүйесіз сервис. Ал жасанды интеллект жұмысы деректер көбейген сайын жанданып, нәтижесі дәлірек бола бастайды.
«Денсаулық сақтау саласын толық цифрландыруға тоқталатын болсақ, онда медициналық ұйымдарды қағазбастылықтан арылту жұмыстарын жеделдету керекпіз. Біз медициналық мекемелердегі құжат айналымын түрлі қажетсіз формалардан арылту және деректерді қалыптастыру жұмыстарын өзектендіру бойынша бірлесе жұмыс істеуге уағдаластық. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері басқа мемлекеттік органдардың, мысалы, Прокуратураның, Еңбек министрлігінің, Әділет министрлігінің және т.б ведомстволардың ақпраттық жүйелерімен интеграциялануы тиіс. Біз Цифрлық министрлік ретінде Денсаулық сақтау министрлігінің бастамаларын қолдауға дайынбыз», - деп толықтырды Бағдат Мусин.