«Телевизия — өмірімнің бір бөлігі»: Дина Аймағамбетова Jibek Joly және Silk Way телеарналарының эфирлік қызметі туралы

АСТАНА. KAZINFORM —Телевизия — экрандағы жарқын көрініс қана емес, сонымен қатар кадр сыртында атқарылатын орасан зор еңбек. Көрермендер сүйікті бағдарламалары мен жаңалықтарын тамашалап жатқанда, ондаған маман эфирдің үздіксіз берілуін қамтамасыз етеді. Бұл жұмыста әрбір секундтың маңызы зор.

Дина Аймагамбетова
Фото: Дина Аймағамбетованың жеке мұрағатынан

Jibek Joly / Silk Way телеарналарының эфирлік қамтамасыз ету қызметінің жетекшісі Дина Аймағамбетова Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында мамандығының ерекшелігі, эфирге деген жауапкершілік, командалық жұмыс және бала күнгі арманының өмірлік ісіне айналғаны туралы әңгімеледі.

— Кәсіби жолыңыз қалай басталды? Неліктен дәл осы саланы таңдадыңыз?

— Телевидение саласына өрімдей жас кезімде ассистент болып келдім. Өткенге көз салсам, бәрі кеше ғана басталғандай көрінеді. Ол кезде мені алда қандай жол күтіп тұрғанынан, қаншама нәрсені үйреніп, қандай тәжірибе жинайтынымнан және нендей жайттарды бастан өткеретінімнен әлі де бейхабар едім. Уақыт өте келе, телевизияның жай ғана жұмыс емес, өзіндік өмір ырғағы, эмоциясы, жауапкершілігі және, әрине, адамдары бар ерекше әлем екенін түсіндім. Бұл сала адамды өзіне қатты баурап алады! Мұнда бір-біріне ұқсайтын күндер өте сирек. Үнемі үйренесің, дамисың, жаңа міндеттер жүктеледі және кәсібіңмен бірге өсесің.

Дина Аймагамбетова
Фото: Дина Аймағамбетованың жеке мұрағатынан

— Бүгінде сіз Jibek Joly / Silk Way телеарналарының эфирлік қамтамасыз ету қызметін басқарасыз. Бұл қызметтің ерекшелігі неде?

— Біз эфирдің сапалы әрі уақытылы берілуіне жауаптымыз. Ең дұрысы, көрермен осы үдерістің артында қаншама жұмыс тұрғанын байқамауы керек.

Дина Аймагамбетова
Фото: Дина Аймағамбетованың жеке мұрағатынан

Ол теледидарды қосқанда, сапалы әрі үздіксіз көрсетілімді көруі тиіс. Жұмыс дәл осылай ұйымдастырылуы керек. Алайда мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін үлкен командалық жұмыс, тұрақты бақылау, дәлдік, тәртіп және кез келген жағдайға жедел әрекет етуге дайын болу қажет. Эфирде ұсақ-түйек деген болмайды. Кез келген қателік, материалдың уақытында берілмеуі немесе техникалық ақау бүкіл хабар тарату үдерісіне әсер етуі мүмкін. Ал бағдарламадағы әр өзгеріс, әдетте, ең алдымен эфирлік қызметтің жұмысына ықпал етеді. Біз үшін үш секундтың өзі шексіздік сияқты. Осындай қызметті жүргізгенде, жұмыстың қыр-сырын өзіңнің білуің ғана емес, команданы ұйымдастыра алу, жауапкершілікті бөлісу және әріптестеріңе сену де маңызды. Біз әрдайым дайын отыруымыз керек, өйткені телевизия тәулік бойы хабар таратады. Эфир күтпейді, сондықтан «Мұны ертең шешейік» деуге мүмкіндік жоқ. 

Для нас три секунды — целая вечность: Дина Аймагамбетова о работе эфирной службы Jibek Joly и Silk Way
Фото: Дина Аймағамбетованың жеке мұрағатынан

Біздің қызметте 40-тан астам адам жұмыс істейді. Сондықтан жұмысты нақты ұйымдастыру мен өзара түсіністік айрықша маңызды. Менің ойымша, басшылық ету дегеніміз — тек тапсырма беріп, нәтиже талап ету емес, қызметкерлерді тыңдай білу, оларды түсіну және қиын сәттерде қолдау көрсету.

— Көп жұмыс кадр сыртында атқарылатынын атап өттіңіз. Толығырақ айтсаңыз…

— Жұмыстың негізгі бөлігі кадр сыртында істелетіні рас. Бірнеше сағатқа созылатын дайындық, материалдарды тексеру, келісу, эфир кестесін бақылау және түрлі жұмыс мәселелерін шешу тәрізді шаруаларды айтуға болады. Кейде санаулы минуттың ішінде бүкіл жоспарды өзгертіп, шешім тауып, көрермен ештеңені байқамайтындай жағдай жасауға тура келеді. Бірде бәрі жоспар бойынша тыныш өтіп жатады да, кенет «Шұғыл түрде тікелей эфирге шығамыз!» деген тапсырма түседі. Мұндайда дереу әрекет етіп, эфирден орын босатып, трансляцияны жедел қосу керек. Трансляция аяқталған соң, көрермен өзі күткен бағдарламаны көруі үшін жоспарланған кестеге дәл солай шапшаң оралу қажет. Экранның ар жағында сондай әбігер болса да, оны, әлбетте, көрерменге еш байқатпау маңызды, яғни бағдарлама мінсіз көрсетілуі тиіс. Біздің телеарналар Президенттің Телерадиокешені құрамына кіретіндіктен, эфирге қойылатын талаптар ерекше. Қысқасы, қателесуге құқығымыз жоқ! Эфирдің тұрақты әрі үздіксіз берілуінің артында тек хабар таратуға тікелей жауапты мамандар ғана емес, журналистер, редакторлар, режиссерлер, операторлар, техникалық мамандар және басқа да көптеген қызметкер тұр. Олардың есімдері экраннан үнемі атала бермейді, бірақ әрқайсысы ортақ нәтижеге өз үлесін қосады.

Для нас три секунды — целая вечность: Дина Аймагамбетова о работе эфирной службы Jibek Joly и Silk Way
Фото: Дина Аймағамбетованың жеке мұрағатынан

Телевизия — әр маман маңызды рөл атқаратын үлкен механизм. Біздің жұмысымыздың ерекше құндылығы да осында шығар. Көрермен нәтижені көреді, ал біз сол нәтижені ұсыну үшін қаншама еңбек, жауапкершілік пен күш-жігер жұмсалатынын жақсы білеміз.

— Сіздің мамандығыңыздағы ең қымбат, ең құнды дүние не? Осынша жылдан кейін де, жұмысқа деген қызығушылығыңызды сақтауға қандай себептер бар?

— Телевизияда қызмет ету бала кезімнен бергі арманым болатын. Бүгінде мен өзім армандаған мамандыққа келіп қана қоймай, осы салада ұзақ жыл бойы еңбек ету бақытына ие болғанымды түсінемін.

Для нас три секунды — целая вечность: Дина Аймагамбетова о работе эфирной службы Jibek Joly и Silk Way
Фото: Дина Аймағамбетованың жеке мұрағатынан

Мен үшін ең құндысы — адамдар. Атап айтқанда, кезінде мені осы үлкен телевизия әлеміне қабылдап, үйреткен, қолдаған және кәсіби тұрғыдан өсуіме мүмкіндік берген жандар. Оларды әрдайым ризашылықпен еске аламын. Қай жерден бастағанымды және осы жолда қаншама жанмен кездескенімді ешқашан ұмытпаймын.

Өзара сенім, қолдау және татулық бар ұжымда жұмыс істеу бақыты бұйырды. Бір-біріміздің жетістіктерімізге қуана білетінімізді және жақсы нәтиже бүкіл команданың еңбегі екенін түсінетінімізді жоғары бағалаймын.

Для нас три секунды — целая вечность: Дина Аймагамбетова о работе эфирной службы Jibek Joly и Silk Way
Фото: Дина Аймағамбетованың жеке мұрағатынан

Кәсібіме деген сүйіспеншілігім пен бірге жұмыс істеп, дамып, алға ұмтылғым келетін әріптестерім — менің ұзақ жыл бойы осы мамандықта қалуыма ықпал ететін басты күш. Телевизия мен үшін жай ғана жұмыс емес, бұл — менің отбасым, өмірімнің үлкен бір бөлігі.

Айта кетейік, бұған дейін Jibek Joly арнасындағы жаңа жоба жөнінде жазғанбыз.