Телевизия тарланы С. Оразалының «Теледидар өнері» атты жинағы жарық көрді

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалының «Теледидар өнері» атты кітабі қалың жұртшылыққа таныстырылды.
«Қазақстан» телеарнасының тапсырысы бойынша жарық көрген жазушы Сұлтан Оразалының аталмыш еңбегі «Өмірмен өзектес өнер», «Телетеатр - өнердің жаңа түрі», «Қазақ зиялылары туралы антология», «Өнер өрісі» атты төрт бөлімнен тұрады. Онда автордың телевизия туралы мақалалары, сұхбаттары, телепьесалары мен телесценарийлері топтастырылған.
«Ең алғашқы мақалаларым 70-жылдары жазылған екен. Бұл он шақты жыл телевизияда істегеннен кейін, бұл саланы түсіне бастағаннан кейін жазылды», - дейді автор.
Оның айтуынша, кітапта негізінен көркем телевизия мәселелері қамтылған.
«Менің телевизиямен байланысқаныма 48 жыл болыпты. Өз қолыммен 300-ден аса телевизиялық әдеби сценарий жаздым. Кейіннен деректі фильмдер түсірдім, ондаған көркем бейнеспектакльдерге драматургиялық шығармалар жаздым, оның өзінің жанрлары әр түрлі. Алғашқыларының бірі өздеріңіз білетін «Қымызхана», «Сұхбат» хабарлары», - дейді С. Оразалы.
«Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанованың айтуынша, кітап тек оқырмандар үшін ғана емес, сонымен бірге жаңадан қалыптасып келе жатқан, журналистика факультетінде оқитын студенттерге үлкен оқулық ретінде азық болатын дүние.
Сұлтан Оразалы 300-ге жуық әдеби сценарий, 20 шақты деректi фильмдердiң және 40 шақты ғылыми-зерттеу мақалалардың авторы. Ол Ғабиден Мұстафин туралы 30 жыл жинаған деректерiн жаңғыртып, фильм түсiрдi. Сондай-ақ оның Салық Зиманов, Ғабиден Мұстафин, Тахауй Ахтанов, Сапар Байжанов, Қуаныш Сұлтанов, Әбіш Кекілбаев және елге елеулi басқа азаматтар туралы деректi фильмдері қазақ руханиятына қосылған алтын үлес болып қалды. Сонымен қатар С. Оразалы «Сұхбат», «Халық қазынасы», «Шұғыла», «Қымызхана», «Кездесу», «Айтыс» хабарларын алғаш ұйымдастырып, эфирге шығарды.
С. Оразалы ҚР Президентінің «Алтын барыс» белгісінің иегері, ҚР Президенті сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының және Абай атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты.