Тележүргізуші Әсел Асқарды соққыға жыққан спортшы қамауға алынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ер адам әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тележүргізуші Әсел Асқарды соққыға жыққан спортшы қамауға алынды

Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық фактісі бойынша М.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі).

«Сот осы жылдың тамыз айында қаладағы фитнес-клубта азамат М.-ның жанжал шығарып, балағат сөздер айтып, А.-ға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзғаны анықталды. Сот отырысында күдікті іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды растап, жасаған әрекетіне ішінара өкінді», - делінген сот таратқан ақпаратта.

Сот қаулысымен ер адам ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, танымал қазақстандық тележүргізуші және блогер Әсел Асқар спортшының өзіне қол көтергенін айтып, шағымданған болатын.