Тележүргізуші Иван Ургант эфирде Абай өлеңін қазақ тілінде оқыды

Тележүргізуші өзінің «Вечерний Ургант» бағдарламасының эфирі арқылы Абай өлеңінің бір үзіндісін қазақ тілінде оқыған болатын. Қазақша сөздердің кейбірін түсініксіз оқыса да, фэйсбукерлерге қатты ұнады.
Бұл туралы «Экспресс К» басылымының тілшісі Наталья Терентьева «Ургант қазақша сөйлеп кетті» атты мақаласында жазды.
«Адамдар бульварлар арқылы серуендеп, өлең оқып, ескерткіштер алдында жиналуда. Әсіресе, қазақтың ұлы ақыны Абайдың ескерткіші алдында», - деп Ресейдегі оппозициялық акциялардың қатысушыларын меңзеген тележүргізуші, ақын Абайдың «Жазғытұрым» өлеңін айта жөнелді.
Кеше «Эхо Москвы» радиосының сайтында мынадай бір жаңалық қылаң берді: Мәскеу соты Ресей астанасының «Чистые пруды» бульварына Абай ескерткіші маңында құрылған наразылық лагерін тарату жөнінде шешім шығарды.
Бұның алдында сот барысында табиғатты пайдалану департаментінің өкілі акция нәтижесінде аталмыш орынның жасыл желегі бүлініп, мемлекетке 20 млн-ға жуық рубль шығын келтірілгендігі туралы мәлім еткен болатын. Және бүгін таңертең Орталық округ ІІБ қызметкерлері соттың бұл шешімін орындауға кірісіп, акция қатысушыларын тарауға шақырды.