Темекі индустриясына қатысты коммерциялық мүдделер мен халықтың денсаулығын сақтау мүдделері жеке-жеке қаралуы шарт - М. Войнович

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Темекі индустриясына қатысты коммерциялық мүдделер мен халықтың денсаулығын сақтау мүдделері жеке-жеке қаралуы шарт.

Темекі индустриясына қатысты коммерциялық мүдделер мен халықтың денсаулығын сақтау мүдделері жеке-жеке қаралуы шарт - М. Войнович

Бүгін Дүниежүзілік темекісіз күніне орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандық бюросының басшысы Мелита Войнович осылай мәлім етті.

«Темекі шегу эпидемиясымен аса тиімді күрестің тәсілі заңнамалық базаның күштілігіне және оның тиісті дәрежеде орындалуына байланысты болып табылады. Бұл ретте Қазақстан халықаралық конвенцияға қосыла отырып, бұл бағыттағы жұмысын жандандырып отыр. Тоқтала кететін тағы бір жайт, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі Негізгі конвенциясының 5-бабында қоғамдық денсаулық сақтаудың барлық бағыттары және халықтың денсаулығы үшін жасалатын мүдделі шаралардың баршасы темекі компанияларының коммерциялық мүдделерінен жеке қаралуы тиіс делінген. Сондықтан темекі компаниялары тарапынан шылым шегуді насихаттауға қатысты ешқандай да нақты әрекеттер болмауы керек», - деді М. Войнович.

Оның айтуынша, халық пен оның денсаулығы темекі түтінінен қорғалуы шарт. Сонымен қатар ұйым өкілі темекінің зияндылығы туралы оның қорабына пиктограммаларды енгізудің денсаулық сақтау саласы бойынша маңызы зор болатынын атап өтті. «Әрине, бұнда проблеманың екі қыры бар: бір жағынан қоғамдық денсаулық сақтау бойынша темекінің зияндылығы туралы айтып, оның өлімге апаратынын ескертіп жатса, екінші жағынан темекі компаниялары да өз тауарларын сатып алатын тұтынушыларының мол болғанын қалайды. Сондықтан да, темекі индустриясына қатысты коммерциялық мүдделер мен халықтың денсаулығын сақтау мүдделері жеке-жеке қаралуы шарт», - деді М. Войнович.