Темекі сату жөніндегі заңнама талаптарын бұзғандарға жауапкершілік күшейтілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы ағымдағы жылғы 4 наурызда бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірқатар ұсыныстар мен толықтырулар енгізді. Атап айтсақ:

- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске әкімшілік жауаптылықты күшейтуге бағытталған түзетулер енгізілді;

- Вакциналардың сапасын арттыру мақсатында адам денсаулығына зиян келтірген жағдайда, вакциналарды әкелу, сатып алу, тасу, сақтау қағидаларын бұзғаны үшін 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде әкімшілік айыппұлдар белгіленді;

- Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне заңсыз араласқаны үшін әкімшілік айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға 7-ден 50-ге дейін, лауазымды адамдарға 20-дан 75-ке дейін, заңды тұлғаларға 75-тен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.

«Сонымен бірге, кәмелетке толмағандарға темекі және темекі бұйымдарын сатқаны үшін, темекі бұйымының маркасы бар тауарларды қасақана таратқаны, көрмеге қойғаны немесе сатқаны үшін әкімшілік айыппұлдар екі есе ұлғайтылды. Ал темекі және темекі бұйымдарын сату жөніндегі заңнама талаптарын, оларды белгіленбеген орындарда тұтынуға салынған тыйымды бұзғаны, заңсыз жарнамалағаны үшін әкімшілік айыппұлдардың мөлшері 30-50%-ға ұлғайтылды. Автомобиль көлік құралында балалар болған кезде онда темекі бұйымдарын тұтынғаны үшін 10-нан 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл көзделіп отыр», - деді депутат Зәуреш Аманжолова заң жобасы бойынша баяндамасында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Құжат аясында Қазақстанда 21 жасқа дейін темекі сатып алуға тыйым салынады.



Соңғы жаңалықтар