Темекі шегуден бас тарту бағдарламасын әзірлеп, одан арылудың жаңа тетіктерін енгізген жөн - Т. Қадамбаев

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елімізде темекі шегуден бас тарту бағдарламасын әзірлеп, ондай әдеттен арылудың жаңа тетіктерін енгізуді қарастырған жөн.

Темекі шегуден бас тарту бағдарламасын әзірлеп, одан арылудың жаңа тетіктерін енгізген жөн - Т. Қадамбаев

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Тоқтарбай Қадамбаев осылай мәлім етті.

Сауал барысында темекі шегуге тыйым салуға қатысты елімізде атқарылған жұмыстарға тоқталған депутат, бұндай шаралар темекі шегушілердің қатарын азайтпай отырғанына алаңдаушылық білдірді. «Темекіге әуестік - үлкен халықтық трагедия. Себебі, темекінің зардабынан сан алуан дертке шалдыққан ауру ата-анадан ауру ұрпақ дүниеге келеді. Осы дерттің алдын алып, біз шұғыл түрде ел-жұрт болып, Үкімет пен қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, оның тамыр алып, халық арасына терең таралып кетпеуінің амалдарын қарастыруымыз керек. Мемлекетіміздің ең қымбат байлығы халқымыздың денсаулығын сақтау - бүгінде кезек күттірмейтін өзекті мәселе», деген Т. Қадамбаев, бірқатар мәліметтерді де алға тартты. Мәселен, оның айтуынша, бүгінде темекі шегуден әлемде 10 секунд сайын 1 адам, ал жылына 3 миллионға жуық адам ажал құшуда. Сондай-ақ, темекі тартудың зияндығынан қайтыс болған адамдардың саны СПИД пен туберкулез ауруларынан қайтыс болғандар санынан да асып түседі. Ал әлемде қатерлі өкпе ісігінен қайтыс болғандардың 90 пайызы, созылмалы қолқа дертінен көз жұмғандардың 75 пайызы және жүректің ишемиялық ауруынан қайтыс болғандардың 25 пайызы темекі шегудің салдарынан болатыны анықталды.

«Аталмыш дерт біздің елімізде де барынша таралуда. Бүгінгі таңда қазақстандықтардың 3 миллион адамы, яғни, халықтың 27 пайызы темекі тартады. Ал темекі тартқан бір адамның кесірі үш адамға тиетінін ескеретін болсақ, еліміздің халқы түгелдей темекі тартатын болып есептеледі, өйткені, темекі түтінімен дем алу - 5 сағат сайын бір темекі тартқанмен тең. Елімізде темекіге құмар болудың кесірінен жыл сайын ауруға шалдыққан 25 мың адам бұл дүниемен қош айтысуда. Темекі тарту өкпе рагына, жүрек және қан тамырлары, гипертониялық және тері, асқазан-ішек ауруларына әкеп соғады. Сондай-ақ, темекі адамның ағзасын улап, оның күш-қуатын әлсіретеді, көңіл-күйін бұзып, адам шаршағыш болып, жүйкесінің тозуына, жан-жақты дамуына орасан зор зиян келтіреді», деді Т. Қадамбаев. Осыған орай, халық денсаулығына қатер төндіретін теріс қасиеттерден арылудың нақты жолдарын ойластыру қажеттігін айтты.

«Атап айтқанда,бұқаралық ақпарат құралдарында темекінің зияндылығы мен онымен күресу амалдарын күшейту туралы насихат жұмыстарын одан әрі жандандыруды, елімізде темекі шегуден бас тарту бағдарламасын әзірлеп, осы жаман әдеттен арылудың жаңа тетіктерін енгізуді қарастырған жөн деп санаймын», деді ол.