Темекі шеккені үшін «Стамбул-Алматы» бағытындағы рейстен 30 жастағы Түркия азаматы жолынан қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әуежайында көлік полицейлері «Стамбул-Астана» бағытындағы халықаралық әуе рейсінен 30 жастағы азаматты темекі шеккені үшін еліне ұшырмады, деп хабарлады Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен.

Темекі шеккені үшін «Стамбул-Алматы» бағытындағы рейстен 30 жастағы Түркия азаматы жолынан қалды

Астана қаласының әуежайындағы Желілік полиция бөліміне «Эйр-Астана» әуе компаниясының агентінен «Стамбул-Астана» бағытындағы әуе кемесінің бортындағы құқықбұзушы туралы хабарлама келіп түскен. Тексеру барысында әуе көлігінің әжетханасында темекі шеккен 1985 жылы туылған Түркия азаматы екендігі анықталды. Аталған факт бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы 1-бөлімімен (Жекелеген қоғамдық орындарда темекi шегуге тыйым салуды бұзу) әкімшілік хаттама толтырылып, түркиялық азамат үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік полицейлерінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері ҚР ІІМ Көліктегі ІІД қызмет көрсету аумағында түрлі әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген 55400 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 4683 азамат темекі шегуге тыйым салуды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған.