Темекі тарту суицид қаупін арттырады - зерттеу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Темекінің денсаулыққа зиянды екенін жұрттың бәрі біледі, бірақ темекі тарудың суицидке ұшырату тәуекелі үлкен екенін екінің бірі біле бермейді. Nicotine & Tobacco Research журналында жарияланған зерттеу темекі тарту мен өзіне қол салудың арасында тығыз байланыс бар екенін көрсетті, деп жазады hi-news.ru порталы.

Темекі тарту суицид қаупін арттырады - зерттеу

Зерттеушілер 1990 жылдан 2004 жылға дейінгі аралықтағы темекіге қарсы күшті күрес жүргізіп жатқан мемлекеттер мен темекі шегушілерге жұмсақтау қарайтын елдердің статистикасын салыстырған.

Темекі өнімдеріне акциз енгізіп, темекі тартуды шектеу шараларын қолға алған елдерде бұған онша мән бермеген елдерге қарағанда, өзіне қол салу жағдайлары төмен болып шыққан.

Шектеу шараларын енгізу өзін өзі өлтіру жағдайларын едәуір азайтқан. Әрбір акциздік доллар 10 пайыздық төмендеуге қол жеткізеді. Сондай-ақ бұл орайда темекіге қарсы шаралардың рөлі зор, дейді зерттеудің жетекші авторы, эпидемиолог, Сент-Луистегі (АҚШ) Вашингтон университетінің медицина мектебінен Ричард Груча.

Темекі өнімдеріне салық деңгейі төмен және қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салуға жеңіл қараған елдерде өзіне қол салу оқиғалары 6 пайызға жоғары болып шыққан.

Бұған дейін темекі тарту мен өзіне қол салу оқиғаларының арасындағы байланысты ғалымдар жүйке ауруларының салдарына балап келген болатын. Жүйке ауруларына ұшыраған, алькогольдік және есірткіге тәуелді адамдар темекіге үйір болады және мұның соңы суицид жағдайларына әкеп соғады, деп санайды мамандар. Сондықтан да бұл жағдайлар бір бірімен байланысты және ол өз кезегінде өзіне қол салуға ұшырататыны белгілі болды.