Темекіге тыйым салатын заңдар талапқа сай орындалмай отыр - С.Қайырбекова

ТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың пікірінше, елдегі қоғамдық орындарда темекі шеккен азаматтарға айыппұл салу тетігі жетілмеген.

Темекіге тыйым салатын заңдар талапқа сай орындалмай отыр   - С.Қайырбекова

Бұл туралы ол Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев басқаратын Денсаулық сақтау жөніндегі үйлестіру кеңесінің XV мәжілісінде айтты.

Министрдің пікірінше, қоғам арасында темекіге әуеустеншілер санын азайтуға кері әсерін тигізіп отырған бірнеше мәселе бар. Олар темекі бұйымдарына деген бағаның арзандығы мен қоғамдық орындарда темекі шеккен адамдарға айыппұл салу тетігінің жетілмегендігі. «Мысалы қоғамдық орында темекі шегуге болмайтындығы жөнінде талапты бұзған адамға небәрі 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Оның өзінде айыппұл салу үшін хаттама толтыру, соттің шешімін күту сияқты адамды әуре-сарсаңға салатын шараларды атқару қажет. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге темекі сатпау мен темекіні бөлшектеп сатуға тыйым салынатындығы жөніндегі талап та орындалмай отыр», - деді министр.