Темір дәуіріне тиесілі 1000-нан аса петроглифтер табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан ғалымдары Самарқанд облысындағы Құрықсай шатқалынан 1000-нан аса тасқа қашалған сурет жазбаларын тапты, деп хабарлайды news-asia.ru.
"Құрықсайдан табылған петроглифтердің ең көнесі Темір ғасырына тиесілі. Қазір тастағы жазулардың 1000-нан аса түрі анықталды», - дейді Өзбекстан Ғылым академиясы Археология институтының ғылыми қызметкері Азбиддин Холматов. - Суреттердің сюжеттері әр алуан. Тас «картиналарда» осы өңірді мекен еткен арқарлар, жабайы жылқылар, құландар, қасқырлар, түлкілер, түйелер бейнеленген. Бір суретте жыртқыш аңдардың тау ешкілеріне шапқаны көрсетілген". Атап өту керек, табылған сурет көрмесі петроглифтер саны бойынша республикада Науаи облысынан кейін екінші орында. Онда 10 000-нан аса суреттер тіркелген болатын. Ғалымдар Құрықсайдағы бұл археологиялық жазбаларды республиканың туристік бағдарына қоспақшы.