Темір тұлпар иелері айыппұлдарды ұялы телефон арқылы төлей алады
АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Халық банкі мен Интервэйл Қазақстан компаниясы ұялы телефонмен жүзеге асырылатын MyPaykz төлемдері бойынша қазақстандық сервис мүмкіндігінің кеңейтілгендігі туралы жария етті.
Ендігі жерде ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің қызметкерлері жол жүру ережесін бұзғаны үшін белгілеген айыппұлдарды төлеуді қазақстандық банктердің төлем карталарынан жүзеге асыруға болады. Бұл туралы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Төлемді жүргізу үшін мобильдік қосымшаның мәзіріндегі қызмет көрсетушілер тізімінен «МАИ айыппұлдары» деген тармақты таңдап алу керек. Төлемді пайдалану ыңғайлы болу үшін айыппұл төлемінің екі түрлі нұсқасы қарастырылған. Біріншісі, жүргізуші куәлігінің мәліметтерін және ЖСН-ды енгізу керек. Екіншісі, тәртіп бұзушылық туралы қаулы мәліметтерін - ЖСН-ды, қаулы бланкінің нөмірін, түрін, сериясын және күнін енгізу қажет.
«Жақында ғана, тамыз айында өткен баспасөз мәслихатында біз Интервэйл Қазақстан компаниясындағы серіктестерімізбен бірлесіп осындай қызмет түрін жуықта іске қосатынымыз туралы мәлімдеген болатынбыз»,- деп атап өтті өз сөзінде Банк Басқармасы төрағасының орынбасары Марат Әлменов,- «Еліміздегі автокөлік санының ұдайы өсіп отырғандығын ескере келе, біз мұндай қызмет түріне сұраныс қашан да болатындығына сенеміз, өйткені айыппұл төлемін жүргізу айтарлықтай оңай - қазақстандық кез келген банктің төлем картасының нөмірін және MyPaykz сервисі орнатылған ұялы телефонды пайдалану жеткілікті болады».
MyPaykz жаңа мүмкіндіктерін пайдалану үшін мобильді телефон қосымшасындағы мәзірді жаңарту қажет. МАИ айыппұлдарын төлеу функциялары бар жаңартылған қосымшаларды ОС j2me, Symbian, WindowsMobile, Android үшін GooglePlay-дан жүктеп алуға болады, сондай-ақ NokiaStore қосымшасының дүкенінде және wap.mypay.kz. сайтында қол жеткізуге болады. I-Phone иеленушілері үшін AppStore-де жарияланған қосымшаны жаңарту қажеттігі туады.
MyPaykz қосымшасының көмегімен қазақстандық кез келген GSM-байланысы операторының абоненті болып табылатын Халық Банкінің клиенттері 50-ден астам компанияның қызметтері мен тауарлары үшін, оның ішінде ұялы байланыс, Интернет, телевидение, коммуналдық және басқа да қызметтер үшін банктік карточканы пайдалана отырып, нақты уақыт режимінде ұялы телефон арқылы ақы төлей алады. Таяу уақытта мұндай қызмет түрлерінің тізімі ұялы телефон арқылы салық төлеу, темір жол және авиа билеттері үшін ақы төлеу, сондай-ақ карточкадан карточкаға ақша аудару сияқты мүмкіндіктермен толықтырылады, дейді компания өкілдері.