Темір жол көлігі саласын реттеу үшін бірқатар заңдарға толықтыру енгізу қарастырылған
АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қолданыстағы заңнамада темір жолдарында вагондардың, контейнерлердің тұрып қалуы, тасымалдау процесіне қатысушылардың жауапкершілігі жеткілікті түрде айқын көрініс таппаған.
Осы орайда Үкімет еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын әзірлеген болатын. Аталған заң жобасында темір жол көлігі саласында бірқатар заңдарға толықтыру енгізу қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осыған байланысты жүк алушылар мен тармақ иеленушілердің жүк вагондарының, контейнерлердің жұмыс паркін уақтылы босатуын қамтамасыз ету мақсатында вагондардың, контейнерлердің кешігу уақытына байланысты вагондарды пайдалану үшін сараланған төлемдерді белгілеу түрінде келген жүктің уақтылы түсірілуі үшін жауапкершілікті заңнамамен бекіту ұсынылады.
Қазақстан Республикасының темір жол көлігінің жұмыс істеуінің жекелеген жақтарына қатысты нормативтік құқықтық актілерді бекіту саласында Көлік және коммуникация министрлігінің құзыретінің жетіспеушілігі келеңсіз жағдайлардың бірі болып табылады.
Осыған байланысты уәкілетті органның құзыреті бірқатар нормативтік-техникалық құқықтық актілерді бекіту жөніндегі өкілеттікпен толықтырылды. Атап айтқанда, жолаушы және жүк жылжымалы құрамының қызмет ету мерзімін ұзарту тәртібін белгілеу, сигнал беру, поездардың қозғалысы мен маневрлық жұмыс жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту көзделіп отыр.
Осы актілер темір жол саласындағы қозғалыстың қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында тасымалдау процесінің ұйымдастыру-технологиялық мәселелерін реттеуге бағытталатын болады.
Бұл заң жобасы бойынша Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті бас комитет болып белгіленді.