Темірбек Жүргенов Абай атындағы опера және балет театры орнын қалай таңдады?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 25 ақпанда осыдан 78 жыл бұрын, 1938 жылы Қаз.КСР-нің Халық ағарту комиссары болып қызмет атқарған Темір­бек Қараұлы Жүргенов «Халық жауы» ретінде тұтқынға алынып, ату жазасына кесілді. Темірбек Жүргенов және оның жұбайы Дәмеш Әмірханқызы Жүргенова-Ермекова туралы естеліктер кем жазылған жоқ. Алайда, қанша жазылса да келер ұрпақ тарихтан сабақ, ұлтымыздың аяулы перзентінің өмірінен үлгі алуы үшін ешқашан аздық етпейді.

Темірбек Жүргенов Абай атындағы опера және балет театры орнын қалай таңдады?

Бұл қысқа ғана естеліктің өзінен біз Қаз.КСР-нің Халық ағарту комиссары Жүргенов Қараұлы Темірбектің ел үшін еткен еңбегі, жазықсыз сотталып, атылғаны және оның жары Дәмештің «халық жауының» әйелі ретінде тартқан азабынан мол мағлұмат аламыз. Естелікті жеткізуші - Армиял Тасымбеков, ал Дәмеш Жүргенова-Ермекова туралы ақпарат ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің подполковнигі Шара Алмаханованың БАҚ-та жариялаған дерегінен алынды.
null
ФОТО: Дәмеш Жүргенова-Ермекова

«Ертеңгісін Темірбек мені жұмысқа апарып тастамақ болып кеңсесіне кіріп кеткені сол еді, іле-шала бір бөгде адам келіп: «Сіз өзіңіз жүре беріңіз», деді маған. НКВД-нің адамдары Темірбекті жұмыс орнынан күтіп отыр екен ғой, қайдан білейін.

Біз машинада күтіп отырғанбыз. Бір кезде бейтаныс жігіт мені шақырды. Бардым. Ол Халық ағарту комиссариятының акт залына ертіп барды да: «Осында отыра тұрыңыз», деп өзі шығып кетті. Темірбектің айтқаны шығар деп отыра беріппін. Біраз уақыт өтті. Кенет... есіктен оның көмекшісін көріп қалдым...

-Темірбек қайда?

-Білмеймін, әлгінде шығып кеткен.

Жүрегім зу ете қалды. Жүгіріп сыртқа шықтым. Мәшине ішінде шешем жылап отыр.

«Әлгінде, - дейді ол, - екі жігіт Темірбекті екі жағынан ұстап басқа көлікпен алып кетті. Сірә, сені іздеп, бірнәрсе айтқысы келді-ау деймін, қайта-қайта мойын бұрып осы жаққа қараумен болды...

Қазір ашық айтылып жатқан, ал сол кезде жай түскендей әсер ететін оқиға ғой бұл енді. Сасып қалдым, содан ба үйге оралғанда, Темірбектің қағаздарын қаттауға келген адамдардан не алғандарының тізімін де сұрамаппын. Есімді жиғандағы ең алғаш өкінгенім - еріммен қоштаса алмай қалғаным болды. Не айтқысы келді екен? Кейінгі ұрпақтарға жеткізер аманатын да тыңдай алмай қалдым-ау! Осы өкініш мені әлі күнге дейін мазалайды.

Кейін «кездесу береді» дегенді естіп, НКВД-ға бардым. Рұқсат алдым. Бірақ, қажет болар-ау деген заттарды дайындаймын деп жүріп, уақыттан 5 минут кешігіппін. Соның сылтауымен кездестірмеді. «Темірбекке тапсырыңдар» деген хатымды әрең өткіздім. Ертеңіне тағы барсам, маған жауап бар екен. Хат шығар деп қуана ашсам, екі айлық ақшасын алуға сенім білдірген қолхат екен. Ол ақшаны алуға бармадым да... Бітті, сол кеткеннен Темірбегімнен айрылып қалдым. Іле-шала өзімді де тұтқындады.

«Айыпталатынымды» Темірбектің қазасы туралы хабарды оқыған сәтте-ақ білгенмін, қалалық «Социалистік Алматы» версткасынан оқыдым.

«Халық жауының әйелі» деп пәтерден қуды. 58-ші статьяның 17-тармағымен 8 жылға кесіп, соттап жіберді. Түрме толған әйелдер. Тіпті, кейбіреуін емшектегі балаларымен алып келген. Бәрімізді қайғының қара бұлты басып, зар еңірейміз. Көз жасымыз көл болды. Кімді кіналаймыз? Сонда кімді? Ақыры этапқа алынып, Ақмолдан бір-ақ шықтық. Ұлы отан соғысы басталысымен «соғысқа алыңыз» деп 100-ден аса арыз жаздым. Мамандығым - дәрігер. Мына лагерьде жүргеннен гөрі, қан майданға араласып, әскерлерге қолдан келген көмегімді көрсеткім келді. Амал не, жазған өтініштерімнің біріне де жауап ала алмадым.

Ал мен, көрген күндерімді қайтып айтып жеткізейін. Әсіресе, есімнен кетпейтіні - Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза Рысқұлова... Емшектегі баласымен көрмегенді көрді-ау, байғұс...» - дейді Дәмеш апай естелігінде.
null
Фото: Азиза Рысқұлова, 1930 жылдары
null
Фото: Тұрар Рысқұлов

Осы орайда, Дәмеш Жүргенова-Ермекованың Әзиза Рысқұлова туралы естелігіне кеңірек орын бере кетуді жөн көрдік:

«Әзиза Есенқұлқызы Рысқұлованы мен жас кезінен білетін едім. Ол кезде бойжеткен қыз Алматы малдәрігерлік институтында оқитын. Кейіннен қазақтың белгілі қоғам қайраткерлерінің бірі Тұрар Рысқұловқа тұрмысқа шығып, оқуын Мәскеуде жалғастырды.

Тұрардың еліміздің астанасында еңбек ететін шағы. Жас семья қарапайым тұратын, соған қарамастан қонақжай еді. Бұл үйге кім-кім де кез келген уақытта именбей еніп, бұйымтайларын тосылмай ақтара алатын.

Мәскеуде болған кездерімде олар мені үнемі үйлеріне шақыратын. Ол Әзиза өмірінің нағыз шырайлы шағы - өзі жас, мөлдіреген сұлу, махаббатқа мас кезі. Содан сыр ақтару басталады. Жүрегіңе жылы, жаныңа жақын сұхбат мәртебеңді өсіріп, көкірегіңе самал ескендей әсер қалдырады.

Бұл жарастық, бұл бақытты кезең, бірақ, ұзаққа бармады. 1937 жылы Тұрар Рысқұлов тұтқындалып, артынан Әзиза да «халық жауының әйелі» атанып, емізулі баласымен қамауға алынды. Сөйтіп бір әулеттің шырғалаң жолы басталды.

«Жазмыштан озмыш жоқ», -деп халық бекер айтпаған ғой. Біздің осы айырылысымыз ұзаққа созылмады. Көп кешікпей өзім де олардың кебін киіп, тар қапасқа тап болдым. Сөйтіп 1938 жылы Карлагтың № 26 нүктесінде Әзизамен қайта табыстық. Әрине, бұл кездесудің ләззәтінен гөрі соры басым жатқанын көпшілік пайымдап отырған шығар.

Біз біресе құшақтасамыз, біресе жылаймыз. Құшақтасатынымыз - тағдыр тәлкегіне мойынсұнғандығымыз.

Шіркін-ай, дүниеде әйелдің көз жасынан ащы, әйелдің көз жасынан кермек дәм бар ма екен, сірә! Сол кездегі төгілген аналар жасын жинаса тағы бір теңіз не мұхит құралар еді-ау...

Әзиза лагерде де шыдамдылық пен қайраттылық таныта білді. Жас сәбиімен көштен қалмай, қаталдыққа қайыспай қарсы тұруымен-ақ өзгелерге жігер бергендей. Ақыры мамандығы бойынша жұмысқа да орналасып алды. Осында жүріп маңайындағы әйелдерден көмегін аямады да. Тіпті баласы үшін алатын бір литр сүтті де басқалармен біріге отырып шай ішуге бөлетін.

Өмір тақсыреті тар қапаспен бітпепті. Алда тосып тұрған тауқымет бұдан да зор екен. Баласы екі жарым жасқа жеткенде оны анасынан бөліп, бөлек лагерге жөнелтті. Ол сонда жүріп қайтыс болды.

Бостандыққа шыққан соң да оның айы оңынан туып кеткен жоқ. Әр балалар үйіне өткізілген басқа сәбилерін іздеумен қажыды. Ал бүлдіршіндер болса арада өткен жылдар әсерінен туған анаға жат атанған. Әсіресе, кіші қызымен табысу ұзаққа созылды. Өзінен жатырқай қашқан балаға қарай тұрып Әзиза жүрегінің сан үзілгенін түсіну онша қиынға түспес. Оның арғы жағында баспана, жұмыс табу тұрған.

Сол заманда көз жасы көл болған Әзизаға қабырғам қайысатын. Шіркін-ай, күні кеше халқының қамын жеп жүрген Темірбегімнен бір айырылып, ұлымнан бір айырылып, өзімнің айдалып кетуімді қалай ғана ұмытайын. Сөйтіп, 8 жыл көрмейтінді көріп, естімейтінді естідік қой. Құдай басқа бермесін ол күндерді...

Әлі есімде... Ол (Темірбек Жүргенов - ред) астанамыз Мәскеуден көңілді оралды. Бір топ өнер шеберлерімен бірге Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Қазақстан өнер шеберлерінің алғашқы декадасы жөніндегі әңгімесін желпініп тұрып айтатын. Бір күні кешкісін Алматының жұпар иісті ауасын жұтып, серуендеп жүр едік.

-Міне, міне, таптым, болашақ театрымыздың орнына лайық жер екен, деп айналасын бағдарлай қарап, адымдап өзінше жер өлшеп кетті.

Сол жылы ол Қырымға демалысқа жүріп кеткен. Қайтар жолында Одесса қаласына соғып, жаңадан ашылған опера театрының қырық шақты суреттері мен жобасын алып келіпті. Осы жоба бойынша, Темірбек көрсеткен орынға жаңа театрдың іргетасы құйылған. Бірақ, шаңырақ көтергенін көре алмай кетті. Бүгінгі Абай атындағы академиялық опера және балет театрының жанынан өткен сайын сол бір серуенге шыққан жаймашуақ кешті еске аламын», - дейді ұлтының аяулы перзенті Темірбек Жүргеновтың жары Дәмеш апа өз естелігінде.
null

Анықтама: Жүргенова-Ермекова Дә­меш Әм­і­р­ханқызы, (айыпкер сауалнама­с­ы­ бойынша) 1905 жылы Қарағанды об­лысы, бұрынғы Темірші болысына қарасты 6-шы ауылда дүниеге келген. (Қаз.КСР Халық ағарту комиссары - Жүргенов Қараұлы Темірбектің жары), білімі жоғары, 1929 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірген, тұтқынға алынғанға дейін Алматы қаласында Молотов атында­ғы Қазақ медициналық институ­ты терапевтік клиникасында ассис­те­нт болып жұмыс атқарған. Ана­сы Бей­біш, 18 жастағы сіңлісі - Айжан­мен Алматы қаласында тұрған. 1931 жыл­дан ВКП/б/ мүшесі. Жұбайы - Қаз.ССР Ағарту халық комиссары болып қызмет атқарған Қараұлы Темір­бектің «Халық жауы» ретінде 1938 жылдың 25 ақпанда тұтқынға алынып, ату жазасына кесілуіне байланысты, «Отанына опа­сыз­­дық жасаған» тұлғаның отбасы мү­шесі ретінде Жүргенова-Ермекова Дәмеш Әмірханқызы (НКВД) КСРО Ішкі істер халық комиссариаты Ай­рық­ша Кеңесінің шешімімен 1938 жыл­ғы 10 маусымда 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған.
null
null
null
null
null
null
null
null