Темірлан Көлбай «Батыс Қазақстан облысының барысы» атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» турнирінің облыстық іріктеу кезеңі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақ күресі додасына барлығы 14 балуан қатысып, бақ сынады.
Жарыстың бас төрешісі Артур Шерғалиевтің айтуынша, олардың 12-сі облыс аудандарынан іріктеліп келсе, екеуі Орал қаласының намысын қорғады.
Бөрлі ауданының өкілі, өткен жылы да облыстық кезеңде озып шыққан, сонымен қатар самбо мен дзюдодан халықаралық додаларда жүлде алып жүрген Темірлан Көлбай (салмағы 115 кг, бапкері - Қасым Қаженов) өзінің бабында екенін көрсетті.
Темірлан әуелі өткен жылы өзімен финалда белдескен сырымдық Асқар Нұрмұхановты таза жеңді. Содан кейін жартылай финалда өзімен бірге 2017 жылы «Қазақстан барысы» республикалық турниріне қатысқан қазталовтық Ерназар Хамзинді таза түсірді.
Финалда Т.Көлбай мен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің тағы бір қатысушысы, оралдық Олжас Сүлейменов (101 кг, бапкері - Қайрат Берсебаев) белдесті. Алдымен балуандар аңдысып жүргенімен, Темірлан Олжастан айласын асырып, жауырынын жер иіскетті. Осылайша ол чемпиондық атақ пен белбеуді жеңіп алды. Енді Т.Көлбай мен О.Сүлейменов шілде айында өтетін «Қазақстан барысына» барады.
Бұл жарыстағы жаңа есім деп шыңғырлаулық, салмағы ауыр әрі жас, 1999 жылғы Дәурен Закареевті (135 кг, бапкері - Қайсар Құсайынов) айтуға болады. Ол жартылай финалға дейін сүрінбей жетті. Финал жолдамасы үшін тартысты бәсекеде Олжас Сүлейменовке жол берді. Содан кейін қола жүлде үшін белдесуде өзінен салмағы 45 келіге кем, 25 жасар қазталовтық Ерназар Хамзиннен (90 кг, бапкері - Жеңіс Стамғазиев) де таза жеңіліп қалды.
Қазақ күресінен салмақ та өз рөлін атқарады. Осы орайда үзбей жаттығып, бабы келіссе, Д.Закареев алдағы уақытта топ жаруы мүмкін.
Сонымен, облыстық жарыста Т.Көлбай - бірінші (500 мың теңге), О.Сүлейменов - екінші (200 мың теңге), Е.Хамзин үшінші (100 мың теңге) орынға ие болды.
Еске сала кетейік, өткен жылы «Қазақстан барысы» турниріне БҚО-дан жолдаманы Т.Көлбай мен А.Нұрмұханов алған болатын.