Темірлан Райымқұлов швед боксшысынан жеңіліп қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы кәсіпқой рингтегі алғашқы сәтсіздігін бастан кешірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан кәсіпқой боксының әлеуметтік желідегі қауымдастығына сілтеме жасап.

Темірлан Райымқұлов швед боксшысынан жеңіліп қалды

Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Темірлан Райымқұлов (2-0-2) кәсіпқой рингтегі үшінші жекпе-жегін өткізді. Жеңіліп көрмеген 28 жастағы спортшы күні кеше Ресейдің Геленджик қаласында өткен бокс кешінде өнер көрсетті.

Оның қарсыласы да - жеңілмеген тәжірибелі швед боксшысы Шади Гамхур (10-0, 8КО) болатын. Өзі Швеция тумасы болғанымен, АҚШ-та жаттығады. Айқас 8 раундқа есептелген еді, алайда жетінші раундта, уақытынан бұрын аяқталды. Қос боксшы аңдаусызда бастарын түйістіріп алған соң жекпе-жек тоқтатылып, жеңіс сол кезге дейін үздік ойын көрсетіп, ұпай санын еселеп үлгерген шведке бұйырды.

Осылайша, Темірлан Райымқұлов мансабындағы алғашқы жеңілістің ащы дәмін татты, ал Гамхур 11-ші жеңісіне қол жеткізді.